Ақтөбелік еріктілер шалғай ауылдағы балаларға ағылшын тілін үйретіп жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы аясында ақтөбелік еріктілер де ауыл-аймақтағы оқушыларға шет тілін үйретіп жатыр. Олар қашықтан оқыту курсының алдында өздері біліктілігін арттырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ауыл баласы үшін ағылшын тілін үйренуде еш кедергі болмауы тиіс. Олар да қалада білім алатын оқушылар секілді тиімді әдісті толық қолдана алады. Бұл жолы ақтөбеліктерге еріктілер көмектесті. Ал әдістеме «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы аясында дайындалды. Ақтөбе үшін «А.Байтұрсынұлы Білім академиясы» мекемесі арнайы оқу материалдарын әзірлеп берді.


«Еріктілер қатарында студенттер, жас мұғалімдер, тәжірибелі ұстаздар да бар. Дәл қазіргі уақытта ауыл балалары ағылшын білін қашықтан меңгеріп жатыр. Ал білім алушылардың көбі көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққандар. Сол себепті кей кезде интернетке қосылуда қиындық туындайтыны жасырын емес. Бұл білім аламын, оқимын деген оқушыларға кедергі болмады. Олар мобильді байланысқа шықты. Барлығы 11 ауданнан 250 бала қатысты. Сабақты 15 ерікті беріп жатыр», - деді еріктілердің өңірлік үйлестірушісі Нарқозы Қартжан.

Ерікті Гүлмира Абатқызы қазір бір топқа сабақ беріп тұр. Ол ауыл балаларының шет тілін білуі үшін тәжірибесімен бөлісті.

«Біз алдын ала онлайн сабақ беру әдісін үйрендік. Мақсат – ағылшын тілін үйретуде қызықты әдіс-тәсілді қолдану. Сөйтіп тіл үйрету, олардың білімін жетілдіру. Балалардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі – базалық. Zomm платформасымен байланысқа шығамыз, кейде әлеуметтік желіні қолданамыз. Таңертең тапсырма беріледі, тақырып нақтыланады. Түсте олардың аяқ алысын, дайындығын қараймыз. Егер сұрақтары болса, қосымша бағыт береміз», - деді Гүлмира Есенғосова. Ерікті ауыл баласына басымдық беретін жобаның өте тиімді екенін айтып береді. Себебі шалғай елдімекендерде қосымша сабақ алып, репетиторға бару өте сирек кездеседі.

«Оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы жоғары деп айта алмаймын. Сондықтан өз біліміміз бен біліктілігімізге сүйеніп, жаңа әдістерді де қолданамыз. Қиыны – қашықтан оқыту. Мұғалім мен оқушы бір-бірін көрмесе, түсірдіру оңай емес. Алайда оқушылар кері байланысқа шығып, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Ешкімді міндеттемейміз, әу баста жауапкершілікпен қарау қажет екенін ұғындырдық. Білім қажет болса, оқуы тиіс. Мұны олар түсінді. Олардың арасында болашақта ағылшын тілі маманы болуды қалайтындары да бар», - деді Гүлмира Абатқызы.

Айта кетейік, оқушылардың білім деңгейіне қарай топ арасында ауыстыруға мүмкіндік берілді. Тілді меңгеру қабілеті жоғары балалар үздіктер қатарына қосылса, кейбірі базалық деңгейден бастады. Алдағы уақытта Ақтөбеде пәндік олимпиада, ғылыми жобаларға дайындық курстары өтеді. Қазір оларға дәріс беретін еріктілер іріктеліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар