Ақтөбелік кәсіпкер 100 ауылдасына азық-түлік таратты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкер Талғат Салфиков тұрмысы төмен 100 отбасына азық-түлік пакетін таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» фракциясының мүшесі Талғат Салфиков Ойыл ауданындағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп берді.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында азық-түлік тиелген арнайы жүк көлігі аудан орталығына жеткізілді. Кәсіпкер 2 миллион теңгеден астам қаржы жұмсады. Барлығы 100 отбасы көмек алады.
«Біз Талғат Салфиковтың жерлестеріне жіберген жәрдемін қабылдап, тізім бойынша тиісті отбасыларға берілуін мұқият қарадық», - дейді «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 игі іс» акциясы әр ауданда өтіп жатыр. Бұл жұмыс жыл бойы жалғасады.

