Ақтөбелік кәсіпкерлер азық-түлік бағасын арзандатуға келісті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жергілікті тауар өндірушілер азық-түлік бағасын арзандатуға келісті. Бастаманы алдымен сүт өндірушілер қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік кәсіпкерлер азық-түлік бағасын арзандатуға келісті

Қазан айын қорытындылаған Ақтөбе облыстық статистика департаменті азық-түліктің қымбаттағанын жасырмады. Департаменттің жетекші маманы Айзат Тәңірбергенованың айтуынша, бір ай ішінде сиыр еті 1,3 пайызға, картоп 24,5 пайызға көтерілді. Көкөніс пен жұмыртқа құны да 10 пайызға артты. Сүт өнімдері қымбаттады. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында жергілікті тауар өндірушілер өз ұсыныстарын білдірді.

«Ақтөбеде фин-пак қорабындағы майлылығы 2,5% болатын сүт және айранға сұраныс жоғары. Сондықтан сүт фермасы сүттің литрін 222 теңгеден 210 теңгеге дейін және майлылығы 2,5% айранның литрін 240 теңгеден 230 теңгеге дейін арзандатты. Сүт жергілікті ірі сауда орындарында сатылып жатыр», - деді «Айс» ЖШС өкілі Айбек Батысжанов.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы ертең «Табыс» коммуналдық базарында сәбіздің келісі 75, пияз 60 теңгеге сатылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, коммуналдық базарларда аймақаралық кооперация негізінде 60-70 теңгеден картоп сатылып жатыр.

«Ақтөбе қалалық әкімдігі мен ірі сауда желілері арасында меморандумға қол қойылған. Демек сауда желілері жергілікті тауар өндірушілердің өніміне 10 пайыздан артық үстемеақы қоса алмайды әрі олар өзара делдалсыз жұмыс істейді. Қыста сүттің азаятыны белгілі. Сондықтан сүт бағасын төмендетіп отырмыз. Ірі сауда желілері нан құнына тек 1 теңге қосады. Бұл акция жыл соңына дейін сақталады, кейін жалғасады», - Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы, сауда бөлімінің жетекшісі Мая Бименова.