Ақтөбелік кәсіпкерлер мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақша салмақ

Ақтөбеде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 151 жобаны әзірлеу және іске асыру жұмысы жүріп жатыр. Басым бөлігі білім, денсаулық сақтау саласына тиесілі. Жобалардың қалпы құны - 42,6 миллиард теңге. Білім саласында балашақша салуға ниет білдіргендер басым. Мәселен, «ҚазХром» ТҰК» АҚ Хромтау қаласынан 320 орынды балабақша салады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің ұсынысымен Темір ауданында 75, Қарғалы ауданында 50 орынды балабақша салу жоспарланған. Әрі бір балабақшаның бағыты өзгеріп, биыл бұл орын мүмкіндігі шектеулі балаларға беріледі.
«Қазіргі кезде жеке балабақша көп. Олардың кейбірі мемлекеттік тапсырыс қабылдап отыр. Егер бюджетте қаржы қарастырылмаса, жеке балабақшалар тапсырыс алмауы мүмкін. Ал мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында екіжақты келісімге қол қойылса, мемлекет келісімде көрсетілген жылдар аралығында қаржы аударуға міндетті. Осы артықшылықты түсінген кәсіпкерлер жеке балабақшаларына бизнес жоспар дайындап, құжаттарын реттеп жатыр. Өткен жылы жаңа талаптар енгізіліп, комиссия шешімінен соң өтінішті мәслихат мақұлдайтын болды. Бір жобаны іске қосу үшін 4-6 ай қажет болады. Ал келісім 5-30 жылға жасалады»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Толыбаева.
Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында жеке балабақша иелері мемлекеттік-жекешелік серіктестіктің артықшылықтарын түсінді. Олардың 40-тан астамы бизнес жоспар дайындап, әкімдікпен келісімшарт жасауға құжаттары дайындалып жатыр.
Айта кетейік, Ақтөбеде спорт, денсаулық сақтау, мәдениет саласында да мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобалары қарастырылып жатыр. Ауылдардағы шағын емханалар да кәсіпкерлердің қолдауымен салынады. Сонымен қатар, Чехия елінің инвесторлары Мұз сарайының құрылысын бастады.