Ақтөбелік кәсіпкерлер жазасын өтеушілермен бірге ынтымақтаса еңбек ететін болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары, білім, медицина саласы жазасын өтеушілерге тапсырыс береді. Бүгін ондаған меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік кәсіпкерлер жазасын өтеушілермен бірге ынтымақтаса еңбек ететін болды

Ақтөбе қаласында «Серпін» көрмесі өткізілді. Түрмеде отырғандарды жұмысқа алған 16 кәсіпкер ағаш, темір, темір-бетоннан жасалған бұйымдар мен киімдерді сатуға шығарды.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйіріне қосылса» деген сөз бар. Өмірде дұрыс қадам жасамай, заңды бұзып, қылмысқа тартылып, жазасын өтеп отырған азаматтарға көмек беру керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарында жазасын өтеушілерге жүйелі түрде оңалту жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Мақсатымыз -мамандық беру, әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналастыру. Ақтөбе мен Жем қаласында арнайы екі колледж ашылып, онда құрылысшы, газэлектр дәнекерлеуші, темір ұстасы дайындалып жатыр. Квотамен жұмысқа орналастырып жатыр. Жылына 300 квота берілуде»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе қаласында алғаш рет ұйымдастырылған көрме-жәрмеңке кезінде кеңсе жиһаздары да болды. Сонымен қатар, алматылық кәсіпкерлер жұмысшыларына айына 20-30 мың теңге бөліп, арнайы киім тіктіреді.

«Сенімгерлік басқарумен жұмыс істеп жатырмыз. Біз түрме ішіндегі цехты тегін алып, 25 адамға жұмыс беріп отырмыз. Алғашында жазасын өтеушілерге мата, киім тігудің үлгісін көрсететін бейнематериал жіберілді. Олар өздері меңгеріп, жұмыс істеп отыр. Ер адамдардың қолынан шыққан киімдердің сапасы өте жоғары. Олар тігінші әйелдерден асып түсті»,- деді кәсіпкер И.Прокопенко.

Білім, денсаулық сақтау, жеке кәсіпкерлік саласының өкілдері болып, 60 меморандумға қол қойды. Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті әлі жұмыссыз отырған 400-ден астам жазасын өтеуші мен пробациялық бақылаудағы жұмыссыздарды еңбекке араластыруды жоспарлап отыр.