Ақтөбелік кәсіпкерлердің 90 пайызы шаруларын заңсыз шешу жағдайларына тап болмаған - сауалнама
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын артыру мақсатында семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Бауыржан Балғабеков, департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық мекеме басшылары жиынға қатысып, кәсби жауапкершілікке тоқталды. Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, парасаттылық пен адалдық принциптерін нығайту бойынша түсіндірме жұмыстары жыл сайын, жоспарлы өткізіліп келеді.
«Жақында Transparency International ұйымының «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың мониторингі» атты зерттеу жұмысының қорытындысы жарияланды.
Бұл әлеуметтік сауалнама біздің назарымыздан тыс, үкіметтік емес ұйымның өкілдерімен барлық өңірде жүзеге асырылды. Яғни, бұл сауалнаманың өтіп жатқандығы туралы біз тіпті хабарсыз болғанбыз. Жалпы айтсақ, Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлық өршіп тұрған «қызыл» аймақтар қатарынан табылмады. Сауалнамаға қатысқандардың 99% қандай да бір шаруаны заңсыз, бейресми түрде шешумен байланысты жағдайларға тап болмаған.
Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 98,5% дәл осындай пікірде. Сауалнаманың қорытындысы нақты жағдайды суреттемесе де, жалпы қоғамның бізге қатысты пікірін көрсетеді», - деді департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов.
Жиын кезінде медицина қызметкерлеріне жемқорлық дерегі анықталып, қылмыстық іс қозғалса, жазаның қатаң болатыны да айтылды.
«Егер 100 мың теңге сомасындағы пара беру дерегімен сотталса, параның 20 еселенген сомасын тағайындай алады. Яғни, айыппұл 2 млн теңгені құрайды. Бұған дейін ең төменгі айыппұл көлемі 1 млн теңгені құраған. Жалпы жүйелі жұмыс нәтижесінде жемқорлық дерегі 5% төмендеді. Ақтөбе өңірін алатын болсақ, өткен жылы департамент 53 қылмысты тіркеді. Оның 33-і ауыр қылмыс санатына жатады. 28 қылмыс қаражатты жымқыру, 5-уі лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану және 18-і парақорлық санаты. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде де көп қылмыс тіркелген. Олардың 6-ы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», 5-уі «Өңірлерді дамыту», 4-і «Нұрлы жол», 3-уі «Білім мен ғылымды дамыту» және екеуі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламарына тиесілі. Залал көлемі 240 млн теңгені құрап отыр. Оның 201 млн теңгесі бүгінгі күні өтелген»,- деді Ғ.Досанов.
Семинар соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев жұмысты ұйымдастыру және жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шарасына тоқталды. Биыл тапсырмаларды атап, жұмыла жұмыс істеуге шақырды.