Ақтөбелік кітапханашылар саябақта оқырмандарын шақырып жүр

Ақтөбе қалалық кітапханасында 28 мыңнан астам кітап бар. Оқырмандарының саны 5 мыңнан асқанымен, оның тек 3 мыңнан астамы тұрақты келіп, кітап алып тұрады екен.
«Бізге көбіне мектеп оқушылары келеді. Интернет болғанымен балалар кітапқа жақын. Ақтөбе қаласында барлығы 12 кітапхана болса, тең жартысы жақын маңдағы ауылда орналасқан. Біз ақпараттық парақша дайындап, жаз айында оқырманды тарту үшін саябаққа шықтық. Адамдар кітапқа қызығады, бірақ олардың қатарын әлі де арттырғымыз келеді. Мұғалімдер жаз айында оқитын әдеби кітаптардың тізімін берген екен. Балалар ата-әжелерімен келіп жүр. Біз лагерь мен мектепті қамтып отырмыз»,- деді кітапханашы Жанар Қазбекова.
Айта кетейік, кітапханашылар қаладағы саябақтар мен халық көп шоғырланатын орындарға барып, жұмыс аяқталған соң арнайы ақпараттық парақшалар таратады. Кітапханашылар қоғамдық көліктерде де оқырмандарын шақырып жүр.
«Әр жексенбі күні ашық аспан астында кітап көрмесін ұйымдастырамыз. Біздің қолымыздағы ақпараттық парақшаны алып, қоқысқа тастаған адамдарды көргеніміз жоқ. Кейбір адамдар арнайы сұрап алады»,- деді кітапханашы Жұмасұлу Қойгелдиева.