Ақтөбелік клиентінің қымбат көлігін сатып жіберді

Ақтөбе қаласының тұрғыны Бауыржан Досмағамбетов қыркүйек айында құны 5,9 миллион теңге тұратын «Тайота Камри» көлігінің майысқан жерін қалпына келтіріп, бояп беруге келісім берген. Техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін көлік жөндеуші 2014 жылы шыққан, жол-көлік апаты кезінде есігі сәл майысып, бояуы кеткен көлікті қалпына келтіруге 30 мың теңге сұрады. Клиент пен қызмет көрсетуші өзара келісіп, көліктің майысқан есігі қалпына келтірілді. Бірақ бояу таусылып, өзге орталыққа баруға шешім қабылдады. Сол кезде сотталушы Бауыржан Досмағамбетов жәбірленушіге телефон шалып, көлікті қаланың басқа ауданындағы орталыққа апаруы тиіс екенін жеткізді. Көлікті өзге орталыққа өзі айдап апарған жөндеуші сол кезде қымбат машинаға қызығып, оны Ақтөбе-Атырау бағытындағы тасжолмен айдап кеткен.
«Көліктің майысқан бөлігін жөндеп, басқа орталыққа бояуға келістік. Сол кезде қосымша ақы ретінде клиенттен 5 мың теңге сұрап алдым. Көлікке қызығып, оны Бейнеуге айдап кеттім. Сол жерде Толик есімді балаға 750 мың теңгеге саттым. Құжаттарын сұрады, кейін беруге келістім. Екі арада келісімшарт жасалған жоқ. Атырау қаласына барған кезде мені полиция ұстап алды. Бейнеуге қайта келіп, көлікті полицияға тапсырдым. Көлік иесіне қайтарылды»,- деді сотталушы Бауыржан Досмағамбетов.
Ол көлік сатып, ақшаның бәрін өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Бір баланың әкесі қазір көлікті айдап кетіп, оны сатып жібергені үшін Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша сот алында жауап беріп жатыр. Оның кінәсі толық дәлелденсе 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол бұрын да сотталған. Кейін рақымшылыққа іліккен.
«Көлік қайтарылды. Бірақ қайта жөндеуге 700 мың теңге жұмсалды. Жаза тағайындауды сот қарауына қалдырамын»,- деді жәбірленуші Қарамергенова.
Айта кетейік, сотталушы Б.Досмағамбетов жәбірленушіден кешірім сұрады. Сот отырысы кезінде сотталушының бауыры ауыратыны белгілі болды. Сот қысқартылған тәртіпте өтіп жатыр.