Ақтөбелік көлігімен адамдарды тегін тасып, мұқтаж отбасыларға көмектесіп жүр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ұзақ жылдар бойы мұнай компаниясында еңбек еткен Альбина Бисенова қазір той бұйымдарын жасап, кәсіп етіп жүр. Әрі қайырымдылық жұмыстарын ұйымдастырып, адамдарды көлігімен тегін тасиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Альбина Бисенова биыл мамыр айында мұнай компаниясынан жұмыстан шығып, жеке ісін бастады. Қазір үйлену тойы, сырға салу, тұсаукесер, шілдеханаға қажетті заттарды дайындап, сатуға шығарады. Әрі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларға көмектесуден шаршаған емес.
«Әлеуметтік желіде жеке парақшам бар. Адам саны көп емес. Бірақ сол адамдар менің қайырымдылықпен айналысып, игі істің ұйытқысы болуыма көмектесіп жүр. Мұқтаж отбасы болса, айтып, бөлісемін. Ақша жинап болған соң азық-түлік сатып аламын, апарып беремін. Кейде студент қыздарды жаныма ертіп аламын. Негізі таныстарым мұқтаж жанданды көріп, білсе, маған айтып, көмек беруін сұрайды. Кейде өзім шалғай жатқан саяжайларға, жақын маңдағы бау-бақша ұжымдарына барып, кез келген адамнан мұқтаж жандарды сұрап аламын. Көбіне анасы немесе әкесі жоқ отбасыға барып, танысамын. Бұл іспен айналысып жүргеніме 5-6 жылдың жүзі болды. «Харекет» қорының да волонтерімен. Баспана алып беру бастамаларымен пәтерлерге қол жеткізгендер бар»,- деді ақтөбелік Альбина Бисенова. Киім-кешек, тіпті азық-түлікке мұқтаж отбасылардың көбі пәтер жалдап тұрады. Кейбірінің баласы мүгедек.
«Мен тек өзім іздемеймін, мектеп директорларының орынбасарларымен де байланыста отырмын. Ал қарапайым адамдар отын, киім-кешек пен жиһаз болса, хабарласып, аса мұқтаж жандарға беруді қалайды. Кейде садақа беретіндер сондай адамдарды іздеп, тауып беруімді өтінеді. Ия, отбасында екі адамның бірі ғана жұмыс істейді. Көбіне анасы бала күтімімен үйде отырады. Таяуда жеті баласы бар отбасына көмек бердік. Әрбір отбасымен жеке сөйлесіп, оларды тыңдаймын. Егер мүмкіндік болса, жұмыс іздеп, табуға күш саламын. Хабарландыру көрсем, сілтеп жіберемін. Мәселен, бір отбасында анасы ауырады, ал 14 жастағы қызы кондитерлік өнім дайындайтын цехта тәжірибеге қатысты. Қазір ол жеткіншек торт пісіреді, тапсырыс қабылдайды. Тағы бір мысал. Сот орындаушы хабарласып, әкесі алимент төлемей жүргенін, баласы онкологиялық ауруға шалдыққанда анасы ақшадан таршылық көріп қиналғанын айтты. Ота жасалған. Төсекке таңылған балаға арнайы кереует қажет болып хабарландыру бердім. Құны 380 мың теңге болатын кереуетті сатып алуға халық көмектесті. Бар болғаны 18 сағатта 452 мың теңге жинап алдық», - деді Альбина Бисенова. Оның айтуынша, бір көмектескен отбасыға қайта бару қажет емес. Тек хабарласып, олардың өз бетімен тірлік қылуына көмектескен, бағыт берген әлдеқайда тиімді. Жаны мейірімді, қайырымдылық жасауға құштар келіншек қазір түрлі бұйым жасайды. Салт-дәстүрді дәріптеуге арналған бұйымдарына сұраныс бар. Тіпті еліміздің әр аймағынан арнайы өтініш-тілегін айтатындар кездеседі.
«Көрпеше, қобдиша сәукеле, үкі алады. Қазір жаңашылдық енгізіп жатырмын. Дастарханды безендіретін заттар дайындаймын. Бағасын қымбат емес. Кейде жеңілдік жасаймын. Жалғызбасты ана баласын үйлендірсе, арзанына беремін. Бұл кәсіппен шұғылданып жүргеніме жылдан асты. Қазақстанның әртүрлі аймағынан тапсырыс түседі. Болашақта киім тіккім келеді. Маған анам Закира Тұрғанқызы жігер береді. Ол адал бол деп айтып отырады. Студент болғанда «бір жас үлкен болса да автобуста орын бер» деп айтатын. Сол ақылды бойыма сіңіріп өткен жанмын», - дейді ол.

Ол мектеп бітірген соң іс жүргізуші, есепші мамандығын меңгерді. Сонымен қатар көлік жүргізгенді ұнатады. Рульде отырғанына 12 жылдан асты. Тұрақты жұмыс істегенде таңертең, түсте, кешке адамдарды тегін жеткізіп тастады. Күніне кем дегенде 15-20 адамды діттеген жеріне апарады. Тіпті көлігіне адам мінбесе өзін жайсыз сезінеді.
«Адамдар алғысын жаудырады. Маған керегі сол ғана. Жақсылыққа уақыт табуға болады деп ойлаймын. Қазір іс тігіп тастаған соң баяғыдай адамдарға көмектесемін. Мені күтіп тұратындар да бар. Бірақ оларды мен есімде сақтай алмаймын. Бір күні студент «апай, мен сізді күттім, сол кезде сабақтан кешіккен едім. Екі күн мен сізбен бардым. Әдейі сол уақытты күттім» деді. Бірақ мен кейде жоспарымды өзгертіп, басқа бағытқа жүремін. Сол кезде де аялдама жанынан тоқтап, баратын жерімді айтып, жол-жөнекей апара алатынымды жеткіземін. Кейбірін 20-30 рет жеткізіп тастағанмын. Тасымалдап жүргеніме 5-6 жыл болған сияқты», - деді кейіпкеріміз.
Альбина Бисенованың ісін үлгі тұтқандар өзінен кеңес алады. Оған таяуда алматылық хабарласып, қайырымдылық жұмыстарын жүйелі жүргізудің жолын сұраған.
«Кейбір адам көлігін тап-таза етіп жуып алады да ешкімді мінгізбейді. Тіпті аяқ киіміңді сүртіп отыр деп айтады. Адам көп, көлік те көп. Сол көлік иелері өзі баратын бағытта адамдарды алып кетсе, монополистер бағаны көтермес еді. Мен өз жұмысымды жақсылықтың желілік маркетингі деп айтар едім. Жұмыстан шаршап келе жатсаңыз, үйіңізге тегін апарып тастайтын адам кезікті. Көңіліңіз көтеріледі. Үнемделген ақшаға қажетті затты аласыз. Ақша берейін деген адамға тек зиянсыз зат сатып алыңыз деп айтамын. Тіпті менің жақсылығымды жалғастырыңыз деймін. Қарапайым әрі қайырымы мол жол осы», - деді А.Бисенова.
