Ақтөбелік қолөнер шеберлері жаңа жылға арнап сыйлықтар жәрмеңкесін өткізді

Мәдениет басқармасы музей қолөнер шеберлеріне арнап көрме-жәрмеңке ұйымдастырды. Шеберлер жыл бойы дайындаған кәдесыйлары мен сыйлықтарын, түрлі әшекейлерді, қуыршақтарды сата алады. Мұндай жәрмеңке Жаңа жыл мерекесі алдында арнайы өткізіледі.
«Әр шебер өз қолөнер бұйымдарын ұсынды. Шеберлер бір-бірін таниды, жақсы араласады. Өзім көрме-жәрмеңкеге 4 жылдан бері қатысып жүрмін. Ерекшелігі, мен ұлттық нақыштағы сыйлықтарды, кәдесыйларды жәрмеңкеге шығардым. Жыл сайын жаңа дүние әзірлеймін. Биыл шағын байпақ жасадым. Байпақтың ішіне ақша, тәтті салуға болады. Бұл байлықтың, молшылықтың белгісі деп ырымдаймыз. Дайындықты бір ай бұрын бастап, сатып алушыларды қуантуға асықтым», - деді шебер Гүлнұр Асқарова. Ине мен жіп, киіз, түрлі матадан жасалған бұйымдар оюмен көмкерілген. Кейбірі эксклюзивті, бір дана етіп жасалады. Шеберлер арнайы дайындалғанымен сатып алушылар өте аз екенін жасырмады.
«Әр шебер жанын салып, бар күшін жұмсап жақсы кәдесый дайындайды. Көбі жұмыс істейді, тек бос уақытында тігеді, тоқиды, бұйымдар жасайды. Қосымша табыс көзі әрі ермек. Біз өз ісімізден ләззат алып, өзгелерге қуаныш сыйлаймыз. Мұндай жәрмеңке тек мерекелерде ұйымдастырылады. Ал Қолөнер шеберлерінің үйі болса, күнделікті мекенімізде еңбек етер едік. Сол кезде кез келген адам қайда баратынын, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдардың қай жерде сатылатынын білер еді. Әзірге бұл ұсыныс қолдау таппады», - деді шебер. Гүлнұр Асқарова Жаңа жыл мерекесіне арнап шарап қорабын, ұялы телефонға арналған қап, үстелге арналған көрпе дайындады. Шебер өз туыстарына, достарына арнап сыйлық әзірлеп қойды.
Ал қағазды шиыршықтап орап, тоқып, бояп қобдиша, қорап, ыдыс-аяқ жасайтын шебер Наталья Гунько жәрмеңкеге төрт ай бойы дайындалды. Оның тұрақты сатып алушылары қағаздан тоқылған кәдесыйлардың коллекциясын жасайды.
«Мен шиыршықталған қағаздан бұйым жасауды интернеттен үйрендім. Бұл ұзақ уақыт пен шыдамдылықты қажет ететін жұмыс. Қағазды қию, шиыршықтау керек. Кейін тоқып, сыртын бояп қоямыз. Орташа қорапты тоқуға 6 сағатымды жұмсаймын. Кейбірін 24 сағат тоқуға тура келеді. Газеттен де жасаймыз. Қағазды баспаханадан алып отырамыз», - деді Наталья Гунько.
Шебер биыл испан технологиясымен қобдиша тоқыды. Сонымен қатар, келер жылға арнап иттің мүсіні сомдалған қобдиша дайындады. Шебер ыдыс-аяққа адам денсаулығына зиянсыз бояуларды пайдаланады. Ал қобдишалардың сыртына лак жағылады.
Айта кетейік, қолөнер шеберлері өздері арнайы дайындаған кәдесыйларды арзан бағаға сатты. Мұндай жәрмеңке қаладағы сауда орындарында да өтіп жатыр.