Ақтөбелік қыз-келіншектер ұлттық бұйымдар жасауды үйренді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбелік шебер Гүлнұр Асқарова қыз-келіншектерге киіз басып, ұлттық бұйым жасаудың жолын үйретті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы шебер Гүлнұр Асқарованың тәжірибесін қала тұрғындарына көрсетті. Шебер киіз басу, түрлі тұрмыстық бұйым, киім, әшекей жасауды үйретті.
«Өзім киіз басуды анамнан үйрендім. Кейін шеберлігімді шыңдап, түрлі көрмелерге қатысып, киіз жасау технологиясын толық меңгеріп аладым. Қазір сұраныс жоғары, бәрі ұлттық бұйымдарға қызығады. Киізден жасалған төсеніш, сөмкелер, бас киімдер мен әшекейлерге сұраныс жоғары. Қазақ халқы үшін киіз бұйымдарының орны ерекше. Оны тұрмыстың барлық саласында қолдануға болады. Халық емшілері оның емдік қасиеті барын айтады. Білуімше, киізден ұялы телефонның сәулелері өтпейді. Соған байланысты киізден қалта телефондарына арналған қаптар жасаймын. Қазіргі кезде киіз бұйымдарын көбіне сәндік үшін пайдаланады», - дейді шебер Гүлнар Асқарова.
Шебер қала тұрғындарына киіз басудың сулы технологиясын үйретті. Оған қойдың жүні, су, сабын болса жеткілікті. Қыз-келіншектер бас-аяғы бір сағаттың ішінде оюлы картина жасауды үйренді. Олардың көбі қолөнердің осы түрін меңгеру үшін аудандардан әдейі келді.
«Өзім өнер мектебінде сабақ беремін. Халқымыздың ежелден киізден киім мен үй жабдығын жасап, пайдаланған. Біздің міндетіміз - ұмыт болып бара жатқан қолөнер туындыларын қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа оның жасалу жолдарын үйрету», - деді Қарғалы ауданының тұрғыны Айнагүл Мәмбетова.
Шебер Гүлнұр Асқарова алдағы уақытта киізден жасалған туындыларына сұраныс артатынына сенеді.