Ақтөбелік лаңкестер ісі сотқа жіберілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ведомствоаралық жедел тергеу тобы ағымдағы жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында орын алған террорлық акті бойынша қылмыстық істі сотқа дейін тергеуді аяқтады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақтөбе облыстық прокуратурасынан хабарлады.
None
None

Аталған ведомство ақпаратына сәйкес, бұл іс бойынша 29 адам жауапқа тартылған.  Оның 9-ы терактіге тікелей қатысса, 18-і қылмысқа дайындық туралы ақпаратты бермеген. Ал тағы 2 адам қылмыскерлерді жасырған.

«Айыпталушылар мойындау жауаптарын берді. Іс бойынша 215 сараптама жүргізілді. Зардап шегушілер қатарында 101 адам бар. Оқиға орнындағы бейнежазбалардың мәліметтер банкі қалыптастырылды. Бүгінгі күні барлық тергеу іс-қимылдары аяқталды. Айыпталушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (Адам өлтіру), 192 (Қарақшылық), 255 (Терроризм актісі), 257 (террористік топ құру басшылық жасау және оның қызметіне қатысу) және басқа да баптары бойынша жіктелді. Ағымдағы жылдың 7 қазанында айыптау сотқа жөнелтілді. Іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта қаралады. Көзі жойылған 18 лаңкеске қатысты қылмыстық қудалау олардың қайтыс болуына байланысты тоқтатылды», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбеде орын алған теракт салдарынан 7 адам, оның ішінде 3 бейбіт азамат қаза тапты. Мұнан бөлек, 30 адам, оның ішінде 14 бейбіт тұрғын жараланды. Лаңкестікке қарсы жүргізілген операция барысында 18 лаңкестің көзі жойылып, 9-ы ұсталды. Қару-жарақ дүкендерінен ұрланған барлық қарулар анықталып, тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар