Ақтөбелік мұғалім мүгедек балаларға арналған өнер мектебін ашты
Ақтөбеде «Бизнес кеңесші» жобасы аясында білім алған мектеп мұғалімі өз ісін бастады. Бүгінде ол мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге домбыра шертіп, би билеуді үйретуде. Балалар ағылшын тілі үйірмесіне де қатысып жүр.
«Музыка адам денсаулығына оң әсер етеді. Балалардың есте сақтау қабілетін дамытып, көңіл-күйінің жақсаруына ықпал ететіні белгілі. Ерекше диагнозбен туған балаларға домбыраны үйрету арқылы денсаулығын жақсартуға септігімді тигізсем деген мақсатым бар. Есту қабілеті нашар балаларға домбыра үйретудің арнайы әдістемесін ойлап таптым. Домбырада ойнауды нотамен емес, түстер арқылы үйретемін»,- деді өнер орталығының басшысы Гүлсана Мағзымбетова.
Жас кәсіпкер бұған дейін орта мектепте музыка пәнінен сабақ берді. Ал «Бизнес кеңесші» жобасын тәмамдаған соң өнер орталығын ашты. Қазір орталықта үш мұғалім жұмыс істейді. Домбыра тарту үйірмесіне 13 адам жазылды. Олардың тең жартысы мүмкіндігі шектеулі жан. Ең кішкентайы 4 жаста.
«Өнер мектебін ашуға өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегі тиді. Бизнес-жоспардан бастап, кәсіпті қалай жүргізу керектігін үйретті. Авторлық құқығымды алсам, франшизамен басқа қалалардан бөлімшелерді іске қоссам деген ой бар», - дейді Г. Мағзымбетова.
Айта кетейік, әлеуметтік кәсіпкерлік елімізде кенже дамыған сала. Кәсіпкерлік палатасының мамандарының айтуынша, бизнесмендерді заңмен қолдау, салықтық жеңілдік беру қарастырылса, салада алға жылжу болады.