Ақтөбелік мұғалім оқушыларды сыныпқа жеке-жеке билетіп кіргізді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі №60 орта мектеп мұғалімі Ләззат Нұрмахан оқушыларын бимен қарсы алды. Әнші Ерке Есмаханның жеңгесі жаңа әдістемелерді алдағы уақытта да өз сабақ беру тәсіліне енгізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік мұғалім оқушыларды сыныпқа жеке-жеке билетіп кіргізді

Әлеуметтік желіде оқушыларды бимен қарсы алып, әр балаға өз қимылын үйретіп қойған мұғалім көпті таңғалдырды. Ақтөбе қаласындағы №60 орта мектеп мұғалімі бұл ерекше әдістемені алдағы уақытта толықтырып, ұлттық биге басымдық бермек.

«Өзім 1-сыныпқа жетекшімін. Үнді елінің мұғалімі осы әдістемені қолданып, оқушыларымен бірге билеген екен. Мен ата-аналармен алдын ала ақылдасып, Наурыз мерекесіне орай ұлттық бимен балаларды қарсы алуды жоспарладым. Себебі, оқушылардың көбі қалада туып, өсіп келе жатыр. Негізі мектепте дүйсенбі күні Әнұран орындалады. Өзге күндері балаларды музыкамен қарсы аламын. Бар болғаны 2 минутта жаттығу аяқталады», - деді Ләззат Нұрмахан.

Ұстаз ата-анамен байланыс жасап, балалардың сабаққа деген ынтасын арттыруға бұл әдістің өз септігін тигізгенін айтты.null

«Қазіргі заманда ұзтаз бен ата-ананың арасында байланыс жоқ. Байланысты нығайту мақсатында ұсыныс жасадым, олар қолдады. Балаларына би қимылын үйретті. Күнде әртүрлі би қимылын аламыз. Өзім 33 жылдан бері білім саласында еңбек етеміз. Топпен жұмыс істеу әдісімен сабақ беремін», - деді ол.

Ұзақ жыл бойы білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ұстаз басшылық, ұйымдастырушылық қызметтерді де қатар алып жүрген. 50 жасқа толатын мұғалім 5 баланы тәрбиелеп отыр. Ләззат Нұрмаханның өзі де спортпен шұғылданады. Алдағы уақытта жақсы ән таңдалып, ұлттық бидің қимылдары жаңа оқу әдістемесіне қосылады.

Айта кетейік, біраз уақыт бұрын түрік мұғалімінің оқушыларды сыныпқа билетіп кіргізген видеосы интернетте кең таралған еді.