Ақтөбелік мүгедек тапсырыспен айына 100 жиналмалы бесік жасап жүр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында тұратын І топ мүгедегі Тельман Мұқашев Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс алып отыр. Шеберхана айына 100 бесікке тапсырыс алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында тұратын Тельман Мұқашев 2 жыл бұрын шеберхана ашқан. Ол ағаштан жиналмалы бесік, үстел, орындық жасайды. Қыз жасауына қажетті сандық та бар. Соңғы жылдары сәнге айналған ет табақты да қайың ағашынан ойып жасайды. Қажетті ағаштың бәрі арнайы тапсырыспен Башқұртстаннан әкелініп жатыр.

«Өзім 1978-1980 жылдары аралығында Отан алдындағы борышымды өтедім. Ол кезде Семей полигоны зардабын залалсыздандыру жұмыстарына қатысып, арада ондаған жыл өткенде денсаулығым сыр берді. 2006 жылы екі аяғымды кестірдім. Қазір І топ мүгедегімін. Соңғы 2 жылда кәсіппен айналысып, баламды жаныма алдым. Оған ағаш оюды, бесік, үстел, орындық, сандық жасауды үйреттім. Қазір бәрін тапсырыспен істейміз. Ақтөбеде ғана емес, еліміздің әр өңірінде біздің қолымыздан шыққан бұйымдар бар. Бәрі риза, алғысын айтып жатыр. Біз айына 100 бесік дайындаймыз, бағасы 25 мың теңге», - деді шебер Тельман Мұқашев.
Өзге өңірлердің тапсырыстары пошта арқылы жөнелтіледі. Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған Телман Мұқашев жанына бірнеше адамды жұмысқа алған. Бар жауапкершілік ұлы Абылай Мұқашевқа жүктелген. Әкеден көргенін ойға түйіп, ағаш оюды меңгерген ұлы бизнесті дамытып отыр. Қазір жиналмалы бесікке тапсырыс көп.
«Жиналмалы бесік жасауды өзім ойлап таптым. Арнайы құрал-жабдықтарын сатып алып, шағын цехта жұмыс істеп жатырмыз. Еліміз бойынша жиналмалы бесікті тек біздер дайындаймыз. Сапасы жоғары болған соң жан-жақтағы сатып алушыларымыз ризашылығын білдіреді. Тапсырыс берушілер кейде көлемін айтады. Ет табақтары бүгін ағаштан жасалады. Табақ жасалған соң маймен өңделіп, лакпен сырланады», - деді Тельман Мұқашев.