Ақтөбелік оқушы халықаралық олимпиадада алтын медаль жеңіп алды
IGeO-2022 халықаралық география олимпиадасы кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Хамитовтің алтын медаль жеңіп алғаны белгілі болды. Бұл осы олимпиададағы екінші үлкен жеңіс. Парижде қашықтан ұйымдастырылған зияткерлік жарысқа әлемнің 54 елінен 216 жас географ қатысқан. Қатысушылар жазбаша әрі мультимедиалық тестілеуден және картографиялық бейнелеу тапсырмаларынан өтті. Нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрама қомандасының атынан қатысқан ақтөбелік оқушы IGEO – 2021 жарысының жеңімпазы атанды.
«IGeO-2022 халықаралық олимпиадасына қатысу арманым еді. Сөйтіп
9-сыныптан бастап тынбай еңбектендім. Кейде өз-өзіме көңілім толмай, сенімсіздік таныттым. Бірақ оқуды, ізденуді тоқтатқан емеспін. Ал олимпиададағы жеңіске келер болсам, мүлде жүлде аламын деп ойламадым. Қазір «дайындығым тиянақты болды» деп ойлап отырмын. Адам алға қойған мақсатқа табандылығымен жете алады», - деді Санжар Хамитов. Ол география пәнін ерекше жақсы көріп оқиды. Еске салсақ, Санжар Хамитов бұған дейін EGeО – 2022 еуропалық олимпиадада жеңімпаз атанған болатын. Ол жоғары лиганың 16-19 жас аралығындағы қатысушылары арасында абсолютті жеңімпаз атанды.
«Министр Асхат Аймағамбетов олимпиада жеңімпаздары алғаш рет ақшалай сыйлық алатынын атап өтті. Сонымен қатар, мектепішілік олимпиада жеңімпаздары ҰБТ-дан өтпей-ақ отандық жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады. Мәселен, алтын медаль алған оқушыға 4,5 миллион, күміс медальға 3 миллион, қола медальға 1,5 миллион теңгеден астам ақшалай сыйлық беріледі. Мектеп оқушыларын жарысқа дайындаған ұстаздар да марапатталатынын министрлік хабарлады», - деді Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.