Ақтөбелік оқушылар аралас форматта білім алады
Ақтөбе облысы бүгін «қызыл» аймаққа өтті.
Кеше облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева карантин шарасын күшейтіп, кез келген ұжымдық басқосуға, конференциялар мен форумға тыйым салды.
Ал бүгін IV-тоқсандағы оқу үрдісі түсіндірілді.
«Контингенті 300 оқушыдан аспайтын қала, ауыл мектептерінде сабақ дәстүрлі форматта өтеді. Тек бір сыныптағы оқушы саны 25-тен аспауы тиіс. Ақтөбеде мұндай 246 мектеп бар. Онда 24 мыңға жуық бала білім алады. Ал оқушы саны 300-ден көп мектептерде аралас формат сақталады. Мұнда 1-5 және 9, 11 сынып оқушылары оффлайн оқысы, өзгесі қашықтан дәріс алады. Мұндай 170 мектепте 135 мың оқушы бар»,- деді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.
Ал арнайы білім беру орындары дәстүрлі форматта оқытуды жалғасады. Колледждер мен жоғары оқу орындарының I-курс студенттері де оффлайн оқиды.
«Оқушыдан вирус анықталса, сынып карантинге жабылып, дезинфекция жұмысы жүргізіледі. Ата-ана келіспесе, арыз жазып, онлайн форматқа ауыстыра алады. Ескере кеткен жөн, мектептерде барлық санитариялық талап сақталған», - деді Жолдас Батырхан.