Ақтөбелік оқушылар қарапайым газеттен сыйлықтар әзірлейді

Хромтау ауданының оқушылары қалдық заттарға «екінші өмір» сыйлайды. Олар қағаз майлық, желім, қатты картон, газетті пайдаланып, үйге қажетті әдемі бұйымдар әзірлеп жүр.
«Қағаздан, былғарыдан, газеттен, әртүрлі қалдық заттардан пайдаға жарамды бұйымдар әзірлейміз. Мәселен, қағаз майлықтан шыққан картон қағаздан қалам, қарындаш салатын қаламсап жасап шығарамыз. Кейбір оқушылар қағаз майлықтан картиналар дайындайды. Оған жарамсыз болып қалған дискі, үлкен пластинкалар пайдаланылады. Пейп арт - қағаз өнері. Газетті шиыршықтап, кейін өреміз. Тез тоқылады. Қатты болуы үшін ПВА желімді пайдаланамыз. Кейін гуашпен бояп, аэрозоль бояуын пайдаланамыз. Осы сатыдан өткен қағаз бұйымдар өте әдемі әрі сапалы»,- деді Хромтау аудандық мектептен тыс орталығының қызметкері Салтанат Жолдыбаева. Оқушыларға тапсырыс беретіндер де кездеседі. Қолөнер үйірмесіне қатысушы балалар көбіне ата-анасы мен ұстаздарына сыйлық жасауға әуес.
«Газетті шиыршықтап орап, кейін одан құмыра тоқимыз. Тоқылған құмыраны марильмен, кейін лакпен бояп қоямын. Шамамен бір үлкен құмыраға 10-15 газет қажет болады. Шиыршықталған газет болса, үлкен құмыраны бір күнде тоқып шығамыз. Мұның бәрін біз интернеттен үйреніп, кейін сол білгенімізді балаларға үйретп жүрміз. Өзім үйренген өнер түріне қызығушылар көп екен. Облыс орталығына шақырып, шеберлік сабағын алатындар да бар. Біз тегін үйретіп, көмектесіп келеміз»,- деді орталық маманы Айнаш Дүйсенова.
Айта кетейік, дизайнер мамандығын меңгерген Айнаш Дүйсенова өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың портретін тоқып, сыйға берген болатын.