Ақтөбелік оқушылар орман өртін анықтайтын құрылғыны меншіктеп алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары орман, дала өрттерін анықтауға және алдын алуға арналған құрылғы ойлап тарты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік оқушылар орман өртін анықтайтын құрылғыны меншіктеп алды

«Fire Finder» жобасының авторлары – Айдана Кенжебаева мен Самал Әли. Екеуі де Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы. Құрылғы температура және инфрақызыл сәулелену сенсорларымен, сондай-ақ ұялы байланыс модулімен жабдықталған. Жер қызған кезде сигнал беріліп, өрт туралы ақпарат ұялы телефонға SMS хабарлама арқылы келеді. Хабарламада жанып жатқан жердің коды немесе мекенжайы жазылады. Құрылғы 1 шаршы шақырым радиустағы өртті анықтай алады.

«Менің атам ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Жыл сайын өрттің қаншалықты шығын әкелетінін естимін. Дала және орман алқаптары өртінің бар-жоғын ешкім уақытында анықтай алмайды. Сондықтан бұл тақырып мені алаңдатады», - деді Айдана Кенжебаева.

Оқушылардың жобасы Павлодарда өткен ұлттық чемпионатта таныстырылды. «Ақылды қала» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды. Жақында жоба «ҚХА Жастар Синергиясы» республикалық форумының ең үздік 13 жобасы қатарына кірді.

«Жас өнертапқыштар өрт анықтағыш құралын 3 рет өңдеп шығарған. Робототехника үйірмесінің жетекшісі Бауыржан Шоқанов құрылғы өте сенімді деп есептейді. Себебі байланыс аясынан тыс жерде өрт шықса да хабарлама түсіп тұрады», - деді Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметкері Айгерім Аманғосова.