Ақтөбелік өнертапқыш аккумулятордан қуат алатын қармақ ойлап тапты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұрғыны Жағыпар Қадіров аккумулятордан қуат алатын қармақ ойлап тапты. Өзі балық аулап та жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ақтЫрғыз ауданының тумасы Жағыпар Қадіров бұған дейін шағын трактор құрастырып шығарған. Қазір көлік өз қажеттілігіне жарап тұр. Шөп шабады, тасиды, қар да аршуға болады. Ал таяуда аккумулятордан қуат алатын қармақ ойлап тапты. Жаңа құрылғыны жасап шығу үшін 10 күн ғана жеткілікті болған.
«Қармаққа көп нәрсенің қажеті жоқ. Біреуіне көліктің терезесіне су шашатын димано қолданылды. Екіншісі вакумнен дайындалды. Ол көліктің есігінде болады. Есік жабылғанда құлыпталып қалса, мұнда оған реле орнаттым. Екеуі де балықты жақсы аулайды. Өзіміз қолданып та көрдік», - деді өнертапқыш Жағыпар Қадіров.

Ырғыз ауданының тумасы бұрын нан зауытында механик, электрик болды. Арнайы оқу орнында білім алмаса да жастайынан техникаға әуес Жағыпар Қадіров мотоциклге қозғалтқыш орнатқан. Кейін полиция қызметкерлері ескерту беріп, қылмыстық жазаға тартылатынын айтқан. Айыппұл төлеп құтылған соң өзге дүниелерді ойлап тапты. Олардың арасында ет тартқыш құрылғысы да бар.

«Халықаралық әйелдер күніне арнап ет тартқыш жасап жатырмын. Әйеліме сыйлаймын. Бұған дейін аудандағы кәсіпкер тапсырыс беріп, жасадым. Дыбысы жоқ, аяқ астынан жанып та кетпейді. Қуаттылығы күшті. Өзім жасап шығарған ұсақ-түйек дүние көп. Енді қыста жүретін көлік жасағым келеді. Қазіргі кезде қажетті құрал-жабдықты жинап жатырмын. Өзімде көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы бар. Жөндейміз, көлікті бояп береміз. Жөндеу жүргізуі үшін ауданнан ғана емес, қаладан да келеді. Әрі Ырғыз Самара-Шымкент тасжолында орналасқан. Осы жұмыстар кезінде жаңа дүниелерге уақыт табу қиын. Дегенмен темір жону қолдан келген соң құрылғы жасау, ойлап табу қиын емес», - деді ол.
Жағыпар Қадіров төрт баланың әкесі. Үш ұл, бір қызы бар. Бұл саланың өзі адам талғайтынын жасырмайды.

«Техниканың тілін кез келген адам ұға бермейді. Мектеп балалары да келіп, жұмысыммен танысып кетеді. Ынтасы бары аз, сирек кездеседі. Үйренем деп келетіндер кейде бір айдан соң кетіп қалады. Жанымда жүрген балаларымның өз машинасы бар. Ал өзімнің көлігіме биыл 45 жыл толды. Қаңқасы ЛуАЗ, ішкі құрал-жабдығы өзгерген. Көбі қолдан жасалды, көп бұзылмайды. Бұрын аң айлауға шыққанда айдадым. Қазір де шаруашылыққа жарап тұр», - деді Жағыпар Қадіров.

Фото: өнертапқыштың жеке мұрағатынан