Ақтөбелік өрт сөндіруші жұмыс тиімділігін арттыратын бағдарлама жасақтады

None
Фото: Бауыржан Бикбауовтың жеке мұрағатынан
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Бауыржан Бикбауов мамандығын күрт өзгертіп, IT саласынан төтенше жағдайлар қызметіне келді. 3 жылдан астам тәжірибесі бар маман алғаш жылдары қорқынышпен қалай күрескенін, жауапты сәтте бұйрықты орындаудың маңызы мен шағын ғана қосымша бағдарламасы туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

-Төтенше жағдайлар саласы, оның ішінде өрт сөндіруші қызметіне орналасу жолы қиын емес пе?

- Бірден өрт сөндіруші болмадым. Басынан айтайын, 1989 жылы Ақтөбе қаласында өмірге келдім. №22 орта мектепте оқып, кейін кооператив колледжінде техник-программист мамандығын меңгердім. Ал, 2012-2013 жылдары аралығында Отан алдындағы борышымды өтедім. Ол кезде Алматыда орналасқан 55/71 әскери бөлімінде қызмет еттім. Логистика орталығында жүк тасымалына қажетті құжаттарға жауапты болдым әрі техник-программистің көмекшісі қызметін де атқардым. Маған негізі ол жұмыс ұнамады. Бір орында, кабинетте отыру қиын.


Әскерден оралған соң келісімшарт негізінде жұмыс істеуді жоспарладым. Көп ұзамай өрт сөндіру қызметіне жұмысқа қабылдап жатқанын білдім. Сөйтіп, 2019 жылы осы салаға келдім. Ол кезде жалақысы 70-80 мың теңге болды. Бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демалыс беріледі. Маған бұл ұнады. Бірақ, әрдайым олай бола бермейді. Кейде шұғыл көмекке шақырады. Ірі өрт, су тасқыны болса, бір күн демалып, келесі күні жұмысқа шығамыз.


- Арнайы емтихан тапсырып, физикалық сынақ тапсырдыңыз ба?

- Иә, жұмысқа орналасу үшін арнайы тест тапсырдым. Онда бірнеше заңға қатысты сұрақ болды. Дайындалдым, нәтижесі ойдағыдай шықты. Өзім жауапкершілігі жоғары адаммын. Сондықтан, тыңғылықты әзірлендім. Тесті тапсырған соң медициналық тексеруден өттім. Кейін спорттық дайындықты тексерді. Екі айлық оқуға да жіберді. Осы сатыларды еңсергенде ғана «Қай бөлімде жұмыс істегің келеді?» деп сұрайды. №3 өрт сөндіру бөлімі үйіме жақын, осыны таңдадым. Бүгінде жұмыс істеп жүргеніме 3,5 жыл толды.


- Б арлық сатыдан өтіп, қызметке қабылдандыңыз. Алғаш рет өрт сөндіруге барғаныңыз есіңізде ме?

- Бірінші шақыртуға барған кезім есімде. Бойда үрей болды. Жоғары температура, көк түтін кейбіреуіне онша әсер етпеуі мүмкін. Бірақ, өрттің қаупі шын мәнінде зор. Жанып жатқан үйге кірген кезде соқыр адамның кейпіне енесің. Ештеңе көрінбейді. Тек сипап, жан-жағыңды қарманып жүресің. Ондай кезде кез келген оқыс оқиғаға дайын болу керек. Жертөле ашық қалса, күмп етіп түсіп кетесіз, газ баллон болса, ол жарылуы мүмкін. Үйде, ғимаратта адам болса, далаға алып шығу керек. Біздің негізгі міндетіміз – осы. Кейін ғана өрт сөндіріледі.


Алғашқы жұмыс күнімде екі қабатты коттеджде өрт шықты. Тұрмыстық заттар жанып жатты. Мен су жеткіздім. Бір қауіптісі – екінші қабаттың едені әлі дұрыс қағылмаған. Бір әріптесім түсіп кете жаздады. Жас маман болған соң үрейленгенім рас.

- Ал , ерекше әсер қалдырған шақырту болды ма?

- 2020 жылы қаңтарда сағат 2:00-де хабарлама түсті. «Малышка» ауданында үй өртеніп жатқанын білдік. Бірден екі бригада барды. Жақындап қалған кезде қою түтінді көрдік. Біздің алдымыздан полиция шықты. Олар аумақты қоршап қойған екен. Қарауыл бастығы дереу арнайы оттегі баллондары бар аппаратты киюге бұйрық берді. Біз ішке енгенде осы құрылғы арқылы демаламыз. Онда адам бар екенін айтқан соң бірінші топ кірді. Құрамында үш маман. Есіктен кіріп, қонақ бөлмеден үй иесін таптық. Бірақ, оны сол жолмен алып шығу мүмкін болмады. Үй іші киім-кешекке лық толы. Аула ішінде де аяқ басатын жер жоқ. Кейін оның түрлі қоқысты, қажетті-қажетсіз затты жинайтын дертке шалдыққанын білдік. Үйдің терезесін сындырып, сол жерден шығардық. Өкініштісі, аман қалмады. Ысқа уланған.


Кейін өртті сөндіруге көштік. Алдымен, киімдерді сыртқа шығару керек болды. Өте қиын. Көп күш жұмсадық. Таусылатын түрі жоқ. Керісінше, біздің күшіміз сарқыла бастады. Тіпті 3-4 мысық та шықты үйден. Ескі теледидар, шкаф, түрлі техника есіктен төрге дейін қатталып тұрды. Егер біз әр затты шығармасақ, бықсып, қайта тұтанатыны белгілі. Қарауыл бастығы үйдің ішін тазартқан соң шатырды бұзуға тапсырма берді. Үш сағат шапшаң жұмыс істеуге тура келді. Бұл өрт сөндірушінің шымыр болуы керек екенін дәлелдейді. Психологиялық дайындық та маңызды. Бірінші жылы қиналдым. Қазір оқиға орнына барғанда сабырлы болуды үйрендім. Бөлім командирі немесе қарауыл бастығының бұйрығын бұлжытпай орындау маңызды.


- Демек , күнделікті жаттығудың маңызы зор...

- Иә, мен күнара жүгіремін. Турникке тартылып, денені жерден көтеремін. Бізде өрт сөндірушілердің санаты бар. Екінші, бірінші және тәлімгер. Қазір екінші санаттамын. Сол үшін де жалақыға қосымша сыйақы қосылады. Тәлімгерлер әр үш жыл сайын сынақ тапсырады. Үш жыл сайын аттестациядан да өтеміз. Зейнетке шыққанша осылай болады.

Қазақ-орыс халықаралық университетінде оқып жүрмін. «Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мамандығы бойынша. Диплом алған соң екі айлық курстан өтіп, қарауыл бастығы болуға өтініш бере аламын.


- Қазіргі кезде өрт сөндірушілердің еңбекақысы көтеріліп жатыр. Бұған дейін жала қы ңыз төмен еді. Қосымша табыс көзі болды ма?

- Қазіргі кезде өзім 130 мың теңге жалақы аламын. Осы айда көтеруге уәде етті. Алғаш жұмысқа орналасқанда 60-70 мың алған едім. Бір жылдан соң 100 мың теңгеге өсті.

Қосымша жұмыс істемеймін. Бізде қосымша жұмыс істейтін ешкім жоқ. Себебі, ауысым уақыты кейде өзгереді. Төтенше жағдай болса, шұғыл шақырып алады. Су тасқыны кезінде де жұмыс көбейеді.


- Жұмысыңыздың ұнамайтын тұсы бар ма?

- Киімің лас болып жүреді. Ыс сіңіп қалады. Осы жағына үйрену керек. Бірақ, өз жақсылығы да бар. Адамға көмектескенде алғыс аласың.


- Арманыңыз...

- Университетті бітіріп, диплом алып, қарауыл бастығы болу. Осы салада жұмыс істеп, осы саладан зейнетке шыққым келеді. Бос уақытымда ағаштан ойыншық жасаймын. Кейде компьютерде отырамын. Таяуда Ехel бағдарламасын пайдаланып, автоматты түрде есептеудің әдісін іске қостым. Оған екі апта уақыт кетті. Ортақ чатқа жібердім. Жұмыс істеуді түсіндірдім. Оқиға орнында кезекшілікте тұратын маман өрт сөндіру үшін ғимарат ішіне кірген әр қызметкердің жұмысын қадағалайды. Оттегі баллонының қанша уақытқа жететінін қарап отырады. Біз рация арқылы қысымды айтып тұрамыз, ол уақытымызды есептейді. Бұған дейін калькулятор қолданса, енді бәрі автоматты түрде көрінеді. Әрі түрлі түске боялған. Негізі программист мамандығын алғаныма өкінбеймін. Компьютерде жұмыс істеп, қажет кезде жөндеу жүргізе аламын.

- Сізге сәттілік тілеймін. Еңбеңіз жансын!




Соңғы жаңалықтар
telegram