Ақтөбелік отбасы су тасқынына байланысты берілген 70 мың теңгеден бас тартты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқыны кезінде тұрмыстық техникасы мен мүлкі жарамсыз күйге түскен Шынболатовтар отбасына шығын ретінде 70 мың теңге есептелді. Киім-кешек пен дүние-мүліксіз қалған отбасы әкімдік ұсынған ақшадан бас тартып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде су тасқынының шығынын есептеу жұмысы әлі жүріп жатыр. Ал тұрғындар үйін су басқан кезде түсірген суреттерін баспадан шығарып, әкімдіктегі комиссияға тапсыруды әдетке айналдырған. Ақтөбе қаласындағы Заречный-2 ауылы маңындағы саяжайда тұратын Айзат Аманова 70 мың теңгеден бас тартып, құрылысқа қажетті жер сұрап отыр. Оның айтуынша, іргетасы сыр берген үйі құлап қалуы мүмкін екен.
«Үйіміз суға кеткен кезде теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машинасы секілді барлық техникамыз жарамсыз болып қалды. Үйдің іргетасына да зақым келген. Комиссия келіп, бір бөлменің еденін қалпына келтіруге көмектемесіз деді. Бізге бөлінгені 70 мың теңге. Оны алмадым. Жаз айы келе жатыр. Тоңазытқышымыз қажет. Оның шығынын кім өтейді? Әрі бір бөлменің емес, үйімнің еденін қайта ауыстыру керек. Шығынды 200 мың деп отырмын»,- деді Ертай Шынболатов.
Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылдық округіндегі өзендер маңында барлығы 119 үйді су басқан. Қазіргі уақытта бір бөлігін саяжайдан көшіріп, оларға жер беру мәселесі қарастырылып жатыр.
«Үйлерді қарап, комиссия тізім жасады. Қазір 119 үйдің 40-тан астамы «Қолғанат Ақтөбе» қорынан ақша алу үшін құжаттарын комиссия қарауына жіберіп, ұсыныс мақұлданды. Олар 30 мың теңгеден басталатын шағын қаржы алды. Жөндеу жұмыстарын өздері жүргізеді. Мәселен, бір тұрғынға 30 мың теңге берілді. Үйіндегі пешін қалпына келтіріп жатыр. Ал баспанасы көп мөлшерде зардап шеккендер бағалаушыларды күтіп отыр. Таяуда шығын есептелуі тиіс», - деді Ақтөбе қаласындағы Қарғалы ауылдық округінің әкімі Алмаз Әлімбаев.
Айта кетейік, Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккендердің кейбірі шығынды өздері есептеп, әкімдіктен нақты сомасын сұрап жатыр. Алдағы уақытта қалалық әкімдік пен жеке компаниялар, яғни, бағалаушылар арасында келісім шарт жасалып, нақты шығын құны анықталады екен. Бағалаушылардың жұмысын әкімдік өтеп бермек.