Ақтөбелік өзге ұлтты металлургтер қазақ тілін үйреніп жатыр

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 56 жұмысшысы қазақ тілінің қарапайым және базалық деңгейдегі бағдарламасын аяқтады. Металлургтер арасында үздіктері де бар.
«Барлығы 56 тіл үйренушінің 40-ы өзге ұлт өкілдері екен. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге құштарлығы, қызығушылығы жоғары. Олар өндірісте қолданылатын термин сөздерді жақсы меңгерген. Алдағы уақытта жұмысшыларды ауызекі тілге баули отырып, өндірісте қолданылатын термин сөздерді барынша қазақ тілінде қолдану керек деген ұсыныс айтамын, - дейді Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының әдіскері Ақмарал Сүгірбаева.
Зауыт жұмысшылары аптасына екі рет екі сағат бойы тіл үйренеді. Кезекті оқу жылы аяқталып, емтихан тапсырған жұмысшылардың 30-ы қазақ тілінің курсын үздік бағаға аяқтады. Ал өзгесі жақсы және қанағаттанарлық деген баға алды. Металлургтер барлығы бес топқа бөлініп, тілді үйренді. Қазір олар демалысқа шығып, оқу жылын күзде қайта бастайды.
«Мен зауытқа жұмысқа орналасқан бойда мұнда мемлекеттік тілді оқыту курстарының бар екенін естіп, бірден жазылдым. Мемлекеттік тілді үйреніп жүргеніме екі жылдай уақыт болды. Осы курстың арқасында қазақ тілін үйреніп, қазақ достарыммен емін-еркін сөйлесіп жүрмін. Менің ойымша, елімізді, жерімізді қастерлейтін және өзін қадірлейтін кез келген қазақстандық азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс деп ойлаймын. Ал біздің зауытта мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. Тек ниет болса болғаны», - дейді теміржол цехының жол бұрушысы Полина Овсиенко.