Ақтөбелік педагог жылыжай шаруашылығын интернет арқылы меңгеріп алды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы маңындағы Сазды ауылдық округінде тұратын Қаламқас Есенеева жылыжай шаруашылығын 1 жыл ішінде меңгеріп алды. Мемлекеттік бағдарлама арқылы 3 миллион теңге несие алған педагог алғашқы өнімдерін сатуға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбелік кәсіпкер Қаламқас Есенеева өткен жылы «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарлама аясында 6 пайыздық үстемеақымен 3 миллион теңге несие алған. Несие рәсімдеу ережесі бойынша, оған несиені төлеу мерзімі бір жылға шегеріліп, қаржыны қайтару кестесі биыл берілген. Яғни Қаламқас Есенеева төлеу кестесін өзі белгіледі.
«Өткен жылы жылыжай құрылысы жүргізілді. Биыл сәуір айында тұқым егіп, екі айдан соң өнім беріле бастады. Қияр егуді бұрын білмедік. Бәрін ғаламтордан қарап, өз күшімізбен үйреніп алдық. Жылыжай аумағы - 260 шаршы метр, құрылысы поликарбонаттан жасалған. Қыста да қияр өсіру үшін жылу жүйесін жүргізген болатынбыз. Бірақ жүйеде қателік бар, құрылысты қайта жаңарту қажет.
Күзде тағы тұқым себеміз. Кәсіп ашу күйеуімнің арманы еді. Мен өзім педагогпын, 4 баламыз бар. Енді бар зейінді жылыжай шаруашылығына аударамыз. Өзім жылыжайға теңертең кіріп, кешке шығамын. Қияр баптау да оңай емес. Отбасылық бизнесті әрі қарай дамытып, шаруашылықты кеңейту жоспары бар. Адамның қолынан келмейтін іс жоқ әрі интернет жақсы көмекші»,- деді Қаламқас Есенеева.