17:31, 10 Ақпан 2011 | GMT +5
Ақтөбелік полицейлер шай салынған қораптан марихуана тапты
АҚТӨБЕ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбелік полицейлер 25 жастағы қала тұрғынын құрықтады, одан шай қораптарына салынған бір келіден астам марихуана есірткісі табылды.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, 3 ақпан күні сағат шамамен 22.00. кезінде ағайынды Жұбановтар көшесінің бойында ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 25 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін қала тұрғынын құрықтады.
Жеке тінту кезінде одан ішінде жасыл түсті өсімдік секілді өзіне тән иісі бар зат салынған шай қораптарын тапты. Сараптама көрсеткендей, ол жалпы салмағы 1,122 келі марихуана есірткісі екен.
Ұсталған азамат түсіндіргендей, ол есірткіні Қызылорда қаласынан өзінің 31 жастағы танысы үшін алып келген.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 259-бабы 1-1 тарауы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Күдікті азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.