Ақтөбелік шебер қолдан жасалған құралмен кілем тоқып жүр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқияқ ауылында тұратын шебер Мүслима Дүйсебаева кілем тоқудың ескі үлгісін сақтап қалған. Шебер аудан әкімінің тапсырысын да орындаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбелік шебер қолдан жасалған құралмен кілем тоқып жүр

Жасы 80-нен асқан Мүслима Дүйсебаева кілем тоқуды жастайынан меңгеріп, кейін тұрмыс құрған соң бұл ісін жалғастырады. Жолдасы арнайы құрылғыны ағаштан жасап беріп, қазір үйінің бір бөлмесін шеберхана етіп жабдықтаған. Ол жерде кілем тоқылады, киім тігіледі.


null

«Анам 40 жылдан бері кілем тоқып жүр. Бұл өнерін ешкімге айтпады, жарыққа шығармады. Отбасы мүшелеріне арнап тоқыған кілемдерге адамдардың аты жазулы тұр. Мәселен, маған арнап Камшат деген атаумен шағын кілемше тоқыды. Кілемшенің бояуы кетпейді, созылмайды. Анамның қолынан шыққан бұйымды іліп қойып жүрмін»,- деді Камшат Дүйсебаева.

Бұрын әр үйдің қабырғасында кілем ілулі тұрды. Бұл ескіліктің белгісі болғанымен, Дүйсебаевтар отбасындағы шеберхана іші өздері тоқыған кілеммен жабдықталған. Бұл отбасы әзірге тапсырыс қабылдамаған. Дегенмен Темір ауданының әкімі ата-анасына арнатып кілем тоқытып алса, шебер Мүслима Дүйсебаева облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ауданға сапары кезінде оған сый жасап, қоржын берді.


null

«Анам «Тәуелсіздікке 25 жыл» деген жазумен ені 1, ұзындығы 2 метрден сәл асатын кілем тоқыды. Екі ай тапжылмай отырды, еңбектенді. Сонымен қатар, бұрын Ахмет Байтұрсыновтың портретін де тоқыған. Оны мұражайға сыйға берді. Тықыр кілем өте төзімді. Ұзақ жыл өтсе де сырын бермейді. Бұрын кілемге арналған жіпті иіретін, қазір дайын жіпті сатып алады. Кілем тоқу өте қиын әрі тапжылмай отыруды талап етеді. Тоқылған кілемнің ең үлкені отбасында тұр. Ені екі, ұзындығы үш метр болады»,- деді Камшат Дүйсебаева.


null

Шебер Мүслима Дүйсебаеваға немересі Перизат көмектеседі. Биыл 8 жасқа толған қыз тоқудың қыр-сырын 4 жасынан бастап үйренген екен. Соңғы үш жылда 8 кілем тоқыған шебер алдағы уақытта нақты ұсыныс түссе тапсырыспен эксклюзив кілемдер тоқуды қолға алмақ. Ал қазір шеберханадағы тігін машинасымен жиі жұмыс істейді. Ұлттық киімдер тігеді, балабақша балаларына арнап түрлі кейіпкердің бейнесін сомдайтын қуыршақтар дайындайды.

null