Ақтөбелік шебер үйіндегі ыдыс-аяқтың бәрін ағаштан жасап алды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының тұрғыны кез келген ағаштан ыдыс-аяқ пен түрлі бұйым жасайды. Шебер өз үйіндегі ыдыстың бәрін ағаштан жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданында тұратын шебер Еділбай Оразымбетов балаларға дәріс беріп, ағаштан бұйым жасауды үйретеді. Өзі арнайы білім алып, осы салада 40 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әрі бала кезден қолөнер бұйымдарын жасауға бейім, ағаш, темір, теріден кез келген зат құрастыра алады. Өз үйіндегі ыдыс-аяқтың бәрін ағаштан жасап қойған.
«Үйімдегі ыдыс-аяқтың бәрі ағаштан жасалған. Соңғы кездері ет табақтары ағаштан жасалып, соған сұраныс атты. Табақты пайдаланатын болсақ, сырламаймыз, өңделген ағашты сол күйі кәдеге асырады. Сол кезде еттің дәмі өзгеше болады. Ал сырланған ыдыс-аяқ сәнге қойылады, кәдесый ретінде сақталады. Ағаш бұйымдар жасауға арналған шикізатты кез келген жерден алуға болады. Аула ішіндегі, ормандағы қураған, кесілген ағаштарды пайдаланамыз. Қарағаш көп, сол бізге жеткілікті»,- деді шебер Еділбай Оразымбетов.
Ағаш бұйымдарын жасауға арналған шикізат, яғни, ағаштар бұрын малдың қиында сақталған. Қи бірқалыпты температураны сақтайды, ағашты өңдеуге ыңғайлы. Ал қазір бұл әдіс қолданылмайды. Шебер Еділбай Оразымбетов тұзды суға ағашты салып қойып, кейін өңдеу тәсілін пайдаланады. Ол бар білгені мен түйгенін мектеп оқушыларына үйретіп жүр.
«Қазір балаларды қызықтыру өте қиын. Соңғы уақытта ер балалар кеме макетін жасайды. Ағаш өңдеу, жону, кесудің бәрін үйренген бала шыдамдылықты меңгереді, ұқыпты болады. Олар әр бұйымды жасау технологиясын меңгеріп, кейін өз үйіне қажетті бұйымдар жасай алады. Күн өткен сайын қызығып, үйірмелелерге қатысатын балалар көбейіп келе жатыр. Әрі білгенімізді әріптестерімізге үйретін, ұстаздардың біліктілігін арттыруға көмектесіп жүрміз»,- деді шебер.
Айта кетейік, Еділбай Оразымбетов көптеген көрме-жәрмеңкелерге қатысып жүр. Ол соңғы жылдары қазақтың ұлттық бұйымдарына сұраныс артып, тапсырыс берушілердің көбейгенін жасырмайды. Қазір Ақтөбеде ағаш ыдыс-аяқтар сәнге айналып, тұтынушылар арасында шеберлерге тапсырыс беретін адамдардың қатары артты.