Ақтөбелік шенеунік автобустағы жыртық орындық үшін тәртіптік жауапқа тартылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали қоғамдық көлік салонындағы жыртық орындық үшін тәртіптік жазаға тартылды. Ол қызметіне толық сай емес болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбедегі жолаушылар тасымалына жауапты «Автопарк» ЖШС қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғалиді тәртіптік жазаға тартуды талап етті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Әдеп кеңесі тексеруге өзі бармай, өзге мекемені жіберген басшыны жазаламаудың жолдарын қарастырғанымен, еш амалдары қалмады. Себебі, Ақтөбе қаласының тұрғыны №27 бағыттағы автобус орындығының жыртығын суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберген. Сол кезде қала тұрғынының шағымын көрген Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі дереу іске кіріскен. Бірақ тексеруге әкімдік қызметкерлері емес, «ЦУП» ЖШС барды. Автобустардың жүру тәртібі мен ара қашықтығын бақылайтын бұл мекеме «Автопарк» ЖШС-не тиесілі қоғамдық көліктерді қарауға еш құқығы болмаған. Оқиға орнындағы келіссөздер мен тартыс ұялы телефонға түсіріліп, жолаушылар тасымалдаушы мекеме мемлекеттік қызметшіні жазалауды сұрады. Мұндай жағдай Әдеп кеңесінде бірінші рет тіркелді. Алдымен кеңес мүшелері дауыс беруден бас тартып, істі жазасыз шешуді сұрады.

«Барлық әлеуметтік желіге сурет шығарылды. Автобус салоны санитарлық талапқа сай емес, орындықтары жыртылған. Сол кезде әкімдік назар аударды. Жолаушылар тасымалдаушы мекеме барлық талапты сақтауы керек. Арыз өте көп, оны да ұмытпаған жөн», - деді Әдеп кеңесінің мүшесі Сәния Қалдығұлова.

Дегенмен Әдеп кеңесінің төрағасы Қайыржан Тоқышев мемлекеттік қызметшінің заң аясында жұмыс істеуі қажет екенін айтып, жазаланатынын жеткізді.

«Сөзге келіп, бір-бірін ұялы телефондағы бейнекамераға түсірудің қажеті жоқ еді. Мемлекеттік қызметші заң бойынша жұмыс істеп, тапсырыс орындаушылар талап етуі тиіс. Оған құқығы бар», - деді Қайыржан Тоқышев.

Айта кетейік, «Автопарк» ЖШС жол қауіпсіздігін, тазалық пен автобустардың ара қашықтығын реттейтін «ЦУП» ЖШС-мен келісімшартқа отыруды кейінге қалдырып келеді. Бұл компания қаладағы қоғамдық көліктің 70 пайызын қамтып отырған соң жергілікті әкімдік «Автопарк» ЖШС-нің қызметінен бас тарта алмайды.

Соңғы жаңалықтар