Ақтөбелік шенеунік қоластындағы қызметкерді ұрған
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі отырысында Ерлан Орынбаевқа қатысты тәртіптік іс қарады.
«Инспекция басшысының орынбасары Ерлан Орынбаевқа қатысты тексеру жүрді. Арызданушы, кадр бөлімінің маманы Гүлмира Жидебаеваның айтуынша, 2018 жылғы 19 қазанда басшының орынбасары Е.Орынбаев өзіне қол көтеріп, «өлтіремін» деп айтқан. Ал Е. Орынбаев өз кінәсін мойындамай отыр. Алайда екі адам арасындағы ұрысты әріптестері естіп, растап отыр. Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылды. Сот-медициналық сараптама кезінде жәбірленушінің басы мен иығында ұрғаннан қанталған жерлер анықталды. Қазір қылмыстық іс те қозғалуда», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы департаменттің бас маманы Нұрхат Мұңайтпасов.
Әдеп кеңесіне шенеунік келіп, оқиғаның өз нұсқасын айтып берді. Ол жәбір көрген Г.Жидебаева хатқа жауап беру уақыты өтіп кеткен кезде қол қойдыруға келген кезде, тек дауыс көтергенін жеткізді.
«Мен туралы жалған ақпарат беріп жатыр. Мен 1999 жылдан бері бір салада еңбек етіп келемін. Бірде бір сөз естіп, жұмысым сыналған емес. Ол маған дауыс көтерді, өзіме қарай ұмтылды. Сол кезде қолын ұстап қалдым», - деді Ерлан Орынбаев.
Ал Гүлмира Жидебаева соққы алғанын, жәбірлегенін, әділ шешім шығаруын сұрады. Әдеп кеңесі бірауыздан Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық инспекция басшысының орынбасары Ерлан Орынбаевты жұмыстан шығару туралы ұйғарым берді.
Қазіргі кезде Ұлттық бюроның облыстық департаменті қылмыстық істі терген жатыр.