Ақтөбелік соғыс ардагерлері майдандастарын еске алды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Жеңіс күні ақтөбелік соғыс ардагерлері Мәңгілік алау ескерткішіне келіп, майдандастарын еске алды. Облыстағы 61 соғыс ардагерінің санаулысы ғана көшеге шығып, Жеңіс шеруін тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеліктер бүгін таңертең Мәңгілік алау ескерткішіне жиналып, жеңіс сыйлаған ата-бабаларын еске алды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат, қала әкімдігі, ішкі істер органдары, прокуратура, Ауған соғысының ардагерлері мен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлердің ұрпағын еске алу шарасына қатысып, ескерткішке гүл қойды. Бүгін соғыс ардагері Әбдуәли Исмағұловты немересі мәңгілік алау маңына алып келді.

«Атам Әбдуәли Исмағұлов ІІ Украина майданына қатысып, бірнеше қаланы азат етуге қатысты. Жеңісті Польшада қарсы алды. Үш рет жараланып, ІІ топ мүгедегі болып елге оралды. Атам қазір 93 жаста. Қазір қартайды, бірақ тың. Өз еркімен жүріп, тұрады. Негізі атамның майдандастары Украина елінде көп. 9 мамыр күні үйге қонақтар келіп, көршілес Орынбор облысынан туыстарымыз құттықтайды. Шынымды айтсам, соғыс туралы көп айтпайды. Өткенді еске алу оларға әлі де қиын»,- деді соғыс ардагерінің немересі Эльдан Исмағұлов.
Әбдуәли Исмағұловтің ата-анасы қуғын-сүргін кезінде халық жауы атанып, ату жазасына кесілген. Жетім өскен жігіт соғысқа Ресейдің Орынбор облысынан аттанып, танк батальонында болды. Жеңіспен оралған соң еңбек етіп, бір ұл мен бір қыз тәрбиеледі. Қазір 9 немере, 6 шөбересі бар. Ардагер Мәңгілік алау ескерткішіне гүл қойып, майдандастарын еске алған жалғыз соғыс ардагері болды.
Кейін ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне гүл қойып, Батырлар аллеясымен жүріп өтті. Мұнда 35 Ұлы Отан соғысы батыры мен «Даңқ» орденінің толық иегерінің портреті қойылған.