11:03, 05 Сәуір 2012 | GMT +5
Ақтөбелік студенттер «Болашақ бүгіннен басталады!» шарасын қолдады
АҚТӨБЕ. 5 сәуір. ҚазАқпарат - М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясында патриоттардың «Болашақ бүгіннен басталады!» республикалық акциясы аясында Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына арналған шара өтті.

Жастарды рухани-патриоттық тәрбиелеу, Отан тарихын құрметтеу мақсатында өткізілген шараға қалалық «Қос шынар» қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес қатысты. Жиналған жастардың алдында сөйлеген сөзінде ол жер бетіндегі бейбітшілік үшін өмірлерін құрбан еткен қазақ қыздарының ерлігі туралы баяндап берді.
Қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің 3 курс студенті Мөлдір Ақжігіт пен жалпы медицина факультетінің 2 курс студенті Гаухар Тұқыбаева өз сөздерінде «Болашақ бүгіннен басталады!» шарасының жастарды патриоттық тәрбиелеу ісіндегі маңыздылығын атап өтті.