Ақтөбелік тәртіп сақшылары соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетті. Мерекелік шара кезінде полиция қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне орай Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы соғыс ардагерлері Григорий Прихно мен Михаил Диденко, Қабен Аманғосовқа құрмет көрсетті. Мәліметтерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа өңірден 2,5 мыңға жуық тәртіп сақшысы аттанды. Олардың тек 440-ы елге оралып, қызметін әрі қарай жалғыстырды. Биыл олардың үшеуі ғана Жеңістің 72 жылдығын атап өтіп жатыр. Михаил Диденко 1943 жылы соғысқа аттанып, пулеметшілерді дайындайтын Ирбит мектебінде оқыған.

Үшінші Беларусь майданына 1944 жылы араласты. Кейін Литва, Шығыс Пруссияны жүріп өтіп, жеңіс туралы қуанышты хабарды Балтық теңізіндегі Пиллау портында естіді. Ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Ал Григорий Прихно 18 жасында соғысқа шақырылды. Ардагер бірінші Украина шайқасынан соң Польшаны азат етті. Ал ардагер Қабен Аманғосов соғыстың соңғы жылы әскерге алынып, қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Ішкі істер органдарының қатарына қабылданған Қ.Аманғосов елге оралған соң қызметін әрі қарай жалғастырды. Мерекеге орай бүгін соғыс, ішкі істер органдарының ардагерлері, тыл еңбеккерлері түгел шақырылып, жиналғандар алдымен қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің рухына тағзым етті. Ескерткішке гүл қойып, бір оларды минуттық үнсіздікпен еске алды.

«Жеңіс жолында табандылық пен ерлік танытқан ардагерлерімізге алғыс айтамыз. Олардың өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ардагерлеріміз елге оралған соң құқық қорғау саласында қызмет етіп, адал жұмыс істеді. Ардагерлер - біздің мақтанышымыз. Бүгінгі қызметкерлердің парызы - олардың бізге жеткізген естеліктерін көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу, олардың үлгі боларлық ерлігін дәріптеу»,- деді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатов.

Облыстық ІІД жеке құрамы соғыс ардагерлерін марапаттап, сый ұсынды. Сонымен қатар, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкерлердің отбасылары мен еңбек майданының ардагерлеріне де ақшалай сыйақы берілді.

Отан қорғаушылар күніне орай облыстық ІІД-нің 2 қызметкері майор шенін алды. Ішкі істер министрлігі еңбектегі адал қызметі үшін 14 полиция қызметкеріне алғыс хат пен грамоталар беріп, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Ішкі істер органдарының үздігі» ІІ дәрежелі төс белгілерімен марапаттады. Екі қызметкер Ақтөбе облысы әкімінің алғыс хатын алды. Ал Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің бастығы М.Абисатов 62 қызметкерге грамота, 15 қызметкерге алғыс хат берді.

Соңғы жаңалықтар