Ақтөбелік тұрғын екі жылдан бері саяжайда шыныдан үй салып жатыр

Ақтөбедегі саяжайлардың бірінде шыныдан гараж бен оған жапсарлас орналасқан үй салынып жатыр. Саяжай иесі өзі туралы ақпаратты жариялауға қарсы болғанымен, мән-жайды құрылыс жұмыстарын жүргізген Володия Ерутин айтып берді.
«Құрылыс жұмыстарының басталғанына екі жыл уақыт болды. Бұл жерде шыны қосымша құрылыс материалы қызметін атқарады. Үй қабырғасын негізі цемент берік ұстап тұр. Шынымен жұмыс істеу қиын. Үш қап шыныны түске дейін қалауға болады. Қабырғаның қисық болып кетпеуін қадағалау, цементпен бекіту оңай шаруа емес. Бір қапта кем дегенде 60 шыны бар»,- деді құрылысшы Володия Ерутин.
Құрылыс жұмыстары кезінде бос бөтелке сұрыпталмаған, таңдалмаған. Құрылысқа бәрі жарамды, шыдамды.
«Гараж бен үй жапсарлас орналасқан. Бір бөлмелі үй болады. Қабырғадағы көк түсті шыны сол күйі қалады, ал өзгесі балшықпен жабылып, тегістеледі. Қасбеті де цементтеліп, әктеледі. Сол кезде үйдің бос шыныдан жасалғаны байқалмайды. Мұндай жұмыстарды өзім көргенім жоқ. Өзге өңірлерде бар деп естіген едім. Құрылыс жұмыстары кезінде бөтелкені санамадым. Мәселен, бір қабырғаға 3-4 мың дана бөтелке кетуі мүмкін»,- деді Володия Ерутин.
Айта кетейік, қазіргі кезде үй иесі құрылыс жұмыстарын аяқтауға қажетті бос бөтелкені жинап жатыр.