Ақтөбелік жас мамандар баспаналы болды
Қазақстан халықтарының бірлігі күні Ақтөбеде 115 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін мәдениет, спорт, білім, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін, зауытта еңбек ететін жастар алды.
«Бұған дейін біз 90 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін табыс еттік. Ал бүгін 115 пәтерлі тұрғын үйде қоныс тойы өтіп жатыр. Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен қатар келген қос қуаныш құтты болсын! Жас мамандар үшін пәтер мәселесі ең өзекті екенін білеміз. Бәрін бір мезетте шешу мүмкін емес. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жүреді», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жас мамандарға берілген көпқабатты тұрғын үй «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша салынды. Бағдарлама бойынша құрылыс жұмыстарына 570 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар, Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 400 пәтерлі екі қабатты үй салынып жатыр. Биыл 10 мың адамға жер телімі беріледі.
«Біз жас отбасымыз. Бүгін қызметтік пәтерге қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Жастарға қолдау көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, облыс әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз. Біз еліміздің болашағы үшін еңбек ететін боламыз», - деді Әсел Әлібиқызы.