Ақтөбелік жас натуралистер «Димаш» бағына алма көшеттерін отырғызды
Ақтөбе қаласындағы мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері бүгін «Димаш» бағына алма ағаштарын отырғызды. Бұл қалалық жас натуралистер стансасындағы балалардың ойымен жүзеге асырылған іс.
«Қалалық жас натуралистер стансасының оқушылары жерлесіміз, қазақ атын әлемге танытқан Димаш Құдайбергенге құрмет көрсету туралы шешім қабылдады. Оқушылар арасында сауалнама жүргізілді. Олар «станса ауласында алма бағын ашып, Димаштың атын берейік» деді. Шараға мектеп, балабақша ұжым қатысты. Біз арнайы орын дайындап қойдық. Димаш қалаға келген кезде ата-әжесімен, бауырларымен, ата-анасымен стансаға соғып, көшетті өз қолымен отырғызып берсе деген арманымыз бар. Біз оны күтеміз»,- деді станса директоры Мәншүк Жетпісова.
Бүгін «Димаш» бағына алма ағашының бірнеше түрі егілді. Балалар алдымен ағаш егудің әдісін меңгеріп, әрқайсысы өз тілегін айтты.
«Димаш ағамызды көру біздің арманымыз. Ол Ақтөбеге келген кезде стансаға соғып, бізбен кездесу өткізсе деген тілегімді айтып, алма көшетін ектім. Мен де болашақта қазақ атын әлемге танытқым келеді. Қазір барлық бала Димашқа еліктейді. Оның өнері әлемді тәнті етті. Біз оны мақтан тұтамыз»,- деді мектеп оқушысы Дильназ Оразғазина.
Жас натуралистер стансасы 1953 жылы құрылған. Жануарлар, өсімдіктер, экология бағыты бойынша жұмыс істейді. Үйірме сабақтары осы үш бағыт бойынша жүргізіледі. Барлығы 630 оқушы қосымша білім алады. Сабақтың көбі орта мектептерді базасында өтеді. Ал тәжірибе кезінде балалар стансаға барады.
«Стансадағы тірі бұрышта жануарлар бар. Жараланған екі дала қыраны әкелінді. Ет,балық жейді. Қолға үйретілгеніне 5-6 жыл болды. Оларды қазір жіберсек, далада мертігіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар, қояндар, тауық пен әтеш бар. Тауыс құсы таяуда Алматыдан әкелінді. Тотықұс, теңіз шошқасы мен ешкі бағылады. Құрлық, теңіз тасбақалары да жиналды. Көбін қала тұрғандары баға алмай, тапсырады, сыйлайды. Балалар бос уақытында бақылап, қалай тамақтанатынын, әрекетін қарап, күнделік жүргізеді. Зерттеу жұмыстарын, ғылыми мақалалар жазады»,- деді станса директорының орынбасары Гүлмира Әбіқаева.