Ақтөбелік жастар ауған соғысының ардагерлерімен кездесті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – КСРО әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Ақтөбеде «Өмір сабақтары» жобасы аясында жастар ауған соғысының ардагерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік жастар ауған соғысының ардагерлерімен кездесті

Ауған соғысының ардагерлері бүгін Ақтөбе қаласындағы ескерткіш маңына жиналып, қаруластарын еске алды.

Жыл сайын 15 ақпан күні олар бас қосып, елге оралмаған, із-түзсіз жоғалып кеткен майдангерлердің рухына құран бағыштайды.

Сонымен бірге бүгін «Өмір сабақтары» жобасы аясында жастармен кездесті.

«Кездесуге бозбалаларды арнайы шақырып отырмыз. Әсіресе көктемгі шақыруға ілігетін жігіттер келді. Ал олармен ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев пен әскери комиссариат қызметкері кездесті. Университет түлектері өздерін қызықтырған, өмірлік мәні бар сұрақтың жауабын ала алды. Тағылымды әңгіме ҰОС ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен де өтеді. Тәрбиелік мәні зор басқосу жастар үшін таптырмас өмірлік тәжірибе болды. Тек ер балалар емес, қыздар да әскери қызметте жүр. Сондықтан олар да әңгіме тыңдап, сұрағын қойды», - деді Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусин.

Отанға адал қызмет ету, ұлтты сүю сынды тақырыпты қозғаған ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев жастарды патриот болуға үндеді.

«Соңғы демім шыққанша антқа берік боламын деген сөзді ұстанған жанмын. Ол кезде 18 жаста едім. Жаспын, бірақ өзіме сенімдімін. Жастармен кездескенде жиі айтамын. Жігіт антты бір-ақ рет береді. Оны орындау парыз. Біз де осы серттен таймай, ауған жерінде борышымызды өтедік. Тасқа жазылғандай тарихта қалады бәрі. Ауған соғысы алыстағанымен, сол майданнан оралған ардагерлердің жүрегінде жазылмаған жара бар. Ол түсінікті. Біз тәуелсіз елдің болашағына қамқорлық танытып, тәрбие ісіне көңіл бөліп келеміз. Сол үшін де қаруластарыма алғыс айтамын», - деді Марат Қойлыбаев.

Айта кетейік, сол жылдары ауған жеріне мыңнан аса ақтөбелік барған. Ұрыс даласында 26 ақтөбелік қаза тапты.