07:59, 15 Маусым 2016 | GMT +5
Ақтөбеліктер 16 млрд теңгенің жылжымайтын мүлкін заңдастырды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жалпы сомасы 16 млрд теңгенің жылжымайтын мүлкі 7 мыңнан астам нысан заңдастырылды, деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

«Қазіргі кезде комиссияға 4 492 өтініш келіп түскен. Бүгінде біз 4 432 өтінішті қарастырдық. Соның ішінде 3 451 өтініш бойынша нысандар заңдастырылды, 977 өтініш түзету үшін қайтарылды, 60 өтініш әлі қарастырылып жатыр, 4 өтініш қабылданған жоқ. Барлығы 16 млрд теңгенің 7 221 нысаны заңдастырылған», - деп атап өтті жылжымайтын мүлікті заңдастыру комиссиясының хатшысы Айгүл Баймашева.
Белгілі болғандай, өтініштерді қабылдау 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылған. Алайда заңдастыру комиссиясында азаматтарды асығып, кезек құрылмауы үшін соңғы күнге дейін күтпеуді сұрап отыр.