Ақтөбеліктер балық пен құс өсіруді үйренді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Bastau Бизнес» жобасы аясында 500-ден астам ауыл тұрғыны оқытылды. Ауыл тұрғындары балық, құс өсіріп, өз кәсібін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе облысында «Bastau Бизнес» жобасы іске асырылып жатыр. Ырғыз, Ойыл, Мұғалжар, Темір, Мәртөк және Шалқар аудандарының тұрғындары алдымен бір ай бойы бизнес әліппесін үйреніп, кейін өз жобалары бойынша кәсіппен айналысуға мүмкіндік алды. Жыл басынан бері 500-ден астам ауыл тұрғыны кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Қазір тағы 200-ге жуық ауыл тұрғыны бизнес жоспарын құруды меңгеріп жүр. Жұмыссыздар мен кәсібін кеңейтуді жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге арналған жоба қатысушылары тегін білім ала алады.

«Bastau Бизнес» жобасы аясында білім алып, 4,5 миллион теңге несие алдым. Балық шаруашылығын дамытуды көздеп отырмын. Су тоғанын жасауға арналған бульдозер сатып алдым. Енді суға арналған насос аламын. Көктемде су жинап, балықтың үш түрін өсіру қажет. Бұл менің әкемнің арманы болатын. Жаңа істі бастап, балаларыма шаруашылықты үйреткім келеді»,- деді жас кәсіпкер Нұрлан Маханов.

Жобаға қатысқан Ерлан Сисенов құс өсіреді. Ол бизнес жоспар жасап, қазір өз қаржысына тауық сатып алды. Келер жылы мемлекеттік бағдарламамен шаруашылығын кеңейтуді жоспарлады.

«Тұрақты жұмысым болмады. Күзетші, дәнекерлеуші, такси жүргізушісі болдым. Кейін «Bastau Бизнес» жобасына арқылы бизнес жоспар құруды үйреніп алдым. Алдағы уақытта құс еті мен жұмыртқа сатамын»,- деді Ерлан Сисенов. Ал «Bastau Бизнес» жобасымен оқыған Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының тұрғыны Ақнұр Ғазизова балабақша құрылысын қолға алды. 23 жастағы кәсіпкер 50 орынды балабақша құрылысын желтоқсан айында аяқтамақ.

«Өзім педагогпын. Балабақша құрылысы аяқталып, іске қосылған соң 20 адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттік тапсырысты орындаймыз»,- деді ол. Айта кетейік, бұл Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы ең ірі бизнес жоба. Биыл өңірде барлығы 1 мыңнан астам адамға бизнес негіздері үйретіледі.

null null 

Соңғы жаңалықтар