Ақтөбеліктер дәрігерлерге қымыз бен азық-түлік жеткізіп берді

Бүгін бірнеше медициналық емдеу мекемелерінің қызметкерлеріне иммунитетті көтеретін тағамдар мен азық-түлік жеткізілді.⠀
Ақтөбе қаласындағы вирусты пневмонияға шалдыққан науқастарды емдейтін жеке аурухана осы айда провизорлық стационар болды. Қазір орталықта 10-нан астам дәрігер еңбек етеді. Олардың иммунитетін көтеру мақсатында партияның облыстық филиалы 500 мың теңгеден астам қаржыға азық-түлік алып берді.
«Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамай, науқастарды құтқару үшін тер төгіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Дәрігерлерге алғыс айтып, қолдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Тек жұдырықтай жұмылғанда ғана бұл қатерді еңсереміз», - деді партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.
Айта кету керек, бұған дейін медициналық орталыққа медициналық қорғаныш құралдары беріліп, облыстық клиникалық аурухананың қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізілген болатын. «Jas Otan» жастар қанатының еріктілері медицина қызметкерлерінің иммунитетін көтеру мақсатында ұлттық тағамдар таратып, «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясына қатысты.
«Біздің волонтерлар медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуді жалғастырады. Осы акция арқылы біз азаматтарымыздың өміріне араша түсіп жатқан ақ халатты жандарға мейірім көрсеткіміз келеді», - деп атап өтті «Jas Otan» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының кеңесшісі Мұрат Мұстафин.
Індет кезінде облыстағы «Jas Otan» жастар қанатының еріктілері «Біз біргеміз» акциясы аясында 10 мыңнан астам отбасыға азық-түлік таратты.