Ақтөбеліктер ескі үйлерін жөндету үшін алдын ала ақша жинауы керек
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы көпқабатты үйді терможаңғырту үшін алдын-ала қаржы жинауды ұсынды. Бірақ есепшот ашып, ақша жинаған ешкім жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Терможаңғырту бағдарламасымен Ақтөбеде 137 көпқабатты үй жөнделді. Шатыр жабу, жертөлені тазартып, электр желісін жаңарту, сырлау жұмыстары жүргізілді. Бәрі тұрғындардың келісімімен жасалды. Алғашқы жылдары жөндеу жұмыстарын жүргізген пәтер иелері ай сайын бережақты өтеп отыр. Жиналған қаржы жыл сайын тізімде тұрған ескі үйді қалпына келтіруге жұмсалады. Биыл Ақтөбе облысында 5 үй жөнделді. Жергілікті әкімдік кезекте тұрған көпқабатты үй тұрғындарына арнайы есепшот ашып, қаржы жинауды ұсынды. Бұл жөндеу жұмысын жүргізу уақытын жеделдетуге, алған қарызды бұрын өтеуге мүмкіндік береді.
«Терможаңғырту бағдарламасы арқылы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жоспары бар, тізім жасалды. Бірақ кім бірінші, кім екінші деп кезек жүргізілмейді. Алдымен ескі үйді таңдаймыз, кейін тұрғындардың келісімін аламыз. Егер тұрғындар келіссе жобалық-сметалық құжат әзірлеп, мердігер мекеме анықталады. Алдағы уақытта «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес арнайы есепшот ашып, тұрғындардың сол есепшотқа ақша жинауын қадағалаймыз. Егер тұрғындар ақша жинаса, жөндеу жұмыстары бірінші жасалады. Әрі тұрғындар қарызын тез өтей алады»,- деді Ақтөбе қалалық тұрғын инспекциясының басшысы Хайдар Ермашев.
Есепшот ашу, ақша жинау ұсынысы айтылды, бірақ бұл жоба бойынша ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ.