Ақтөбеліктер Мәжіліс депутаттарына өтініш айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Ақтөбеге келіп, ауыл тұрғындарымен, жұмысшылармен кездесті. Кездесу кезінде ауыл тұрғындары жер телімін пайдалану мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін ұзартуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбеге Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Әлия Сапарова, Сәкен Қаныбеков, Павел Казанцев және Петр Шарапаев келді.

Бүгін олар Қарғалы ауданы, Шәмші Қалдаяқов ауылына барып, картоп өсіріп, сақтап отырған шаруашылық жұмысмен танысты. Аумағы 200 гектар алқапқа картоп егілді, бұл үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілді.

«2016 жылы құны 1,5 миллиард теңге болатын жобаны іске асыра бастадық. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 240 миллион теңгеге инженерлік коммуникация тартылды. 2017 жылы жаңбырлатып суаратын арнайы техника сатып алынып, 2018 жылы іске қосылды. Өткен жылы алғаш рет картоп егілді. Сол кезде көкөніс қоймасы салынды. Қойманы салуға 654 миллион теңге жұмсалды. Картопты егуге, жинауға неміс техникасы, трактор сатып алынды. Өткен жылы алғашқы өнім жиналды. Гектарынан орта есеппен 26 тонна өнім алынды. Бұл жақсы нәтиже», - деді «Актеп» ЖШС-нің атқарушы директоры Боранбек Ақтайлақов.

Шаруашылық өткен жылы барлығы 4800 тонна өнім жиналды. Оның 300 тоннасы тұқым. Яғни, шаруашылық тұқымға қажетті картопты бөлек егіп, бөлек жинап, сақтайды.

«Шаруашылықтағы суармалы жерді игеруде ерекшелігіміз бар. Мәселен, 280 гектар жерге 750 метрді қамтитын жаңбырлап суару техникасы қойылды. Бұл Батыс Қазақстандағы ең үлкен жоба, испандықтардың қондырғысы. Жаңбырлап суаруға арналған машина ұялы телефондағы қосымшамен басқаралады. Телефон арқылы бағытын өзгертіп, қосып, сөндіре аламыз. Ал қойма голландық аппарат қондырылған, автоматтандырылған. Телефонмен ылғалдылығын, температурасын бақырап, басқаруға болады», - деді Боранбек Ақтайлақов.

Кездесу кезінде жұмысшылар Мәжіліс депутаттарына өздерін ойландырған сұрақты қойды. Олар үшін тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған жер телімін 2 жылға жалға беріп, іргетасы құйылып, құрылыс жүрмесе қайтарып алу қол байлап отыр. Себебі, өзіне тиесілі жерді алған адамдардың кейбірі құрылыс үшін ақша таппай, жылдар бойы күткен жер телімінен айырылып қалып жатады.

«Жұмысшылармен кездесу кезінде бәрі ашық айтылды. Олар тұрғын үй салуға берілген жер телімі пайдалану мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін ұзартуды сұрады. Бұл ұсыныс алдағы уақытта жан-жақты зерттеліп, қаралады. Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасы мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтер алу жолдарын, айырмашылықтарын сұрады. Жастарды оқыту, мүгедектерге берілетін жәрдемақы жайлы сұралды. Бұл біз үшін маңызды пікір, ой», - деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Соңғы жаңалықтар