Ақтөбеліктер «Nur Otan» праймеризіне белсенді қатысып жатыр
Үміткерлер арасында нәзік жандылар мен жастардың да талабы жоғары. Бұл мәліметтерді бүгін партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов брифингте мәлімдеді. Құжат қабылдаудың алғашқы күндері Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғалжар, Қарғалы аудандарының тұрғындары белсенділік танытқан. Тіркелгендердің 78-і әйел, 89-ы ер азамат. 53 үміткердің жасы 35-ке жетпеген. 48-і партиялық бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, 119 адам өз еркімен қатысып отыр.
«Праймериз - партияішілік сайлау. Оның мақсаты – Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде мықты көшбасшыларды анықтау», - деді Ербол Данағұлов.
Оның айтуынша, осы саяси науқанды өткізу бойынша Ақтөбе облысы филиалының қадамдық жоспары әзірленген. Ол 5 негізгі кезеңнен тұратын іс-шараларды қамтиды. Осы қадамдық жоспар бойынша облыста 25 дебат ұйымдастырылады. Ол 3 деңгейде, яғни, үгіт-насихат барысында, партияның аудандық, қалалық және облыстық филиалдарының конференциясында өтеді. Барлық кандидаттың дебаттарға қатысуы қажет.
1-3 қазан аралығында облыстағы 33 мыңнан астам партия мүшесінің дауыс беруі үшін 136 дауыс беру учаскелері белгіленді. Интернетке қосылмаған 42 учаскеде дәстүрлі, 94 учаскеде онлайн дауыс беру жоспарланып отыр.