Ақтөбеліктер «Шатлық» бірлестігінің өнеріне тәнті болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 10 мыңға жуық татар ұлтының өкілі тұрады. Көбі осы топыраққа әбден сіңіп, бірнеше ұрпағы сабақтасқан үлкен әулетке айналған.
None
None

Жалпы, бұл ұлттың қазақ жеріне жаппай қоныс аударуы 18-ғасырдың ортасында басталған. Сол кезеңде осы батыс аймаққа көп қоныстанған екен. Қазір Тәуелсіз Қазақстандағы ең ірі диаспоралардың бірі - татарлар қауымдастығы. Бірлігі жарасқан ақтөбелік татарлар тілі мен өнерін дамытып, ұлт ретінде барлық құндылықтарын дәріптеп отыр. Ақтөбелік татарларда жексенбілік мектеп те, алып сахна да бар. 2009 жылы ашылған «Достық үйіндегі» «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ұлттың тілі мен өнерін дәріптеп отыр, деп хабарлайды 24.kz .

Жарты ғасыр бұрын қалада «Язгы-моннар» татар ән-би ансамблі құрылады. Алғашында құрамында азғантай адам болса, қазір 60-қа жуық татар мен башқұрт өнер көрсетіп жүр. 5 жасар баладан бастап 70-тегі қарияға дейін бар. «Шатлық» бірлестігі құрылғалы ансамбль тіптен жандана түсті. Татарлар тілдерін оқып-үйренуге зор мән береді. Ұрпағының ана тілінде сөйлегенін қалайды. Жексенбілік мектеп ашылмай тұрып, үлкендер өз үйлерінде тіл үйретіп жүрген. Қазір апта сайын өтетін арнайы сабақтарға 70 адам қатысады. Олар тек татар емес, қазақ және башқұртша оқиды. Қазір өңірде 700 башқұрт өкілі тұрады.

«Біз балаларды үйретіп, жоғары мектепке оқуға, Татарстанға, Башқұртстанға жіберіп жатырмыз, 17 баламыз үйреніп жатыр, кейбірі қайта қалаға келіп, бізге көмек беруде», - дейді «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Равиль Құрманғалиев.

«Достық үйінде» барлығы 19 этномәдени бірлестік бар. Әр ұлттың төл мерекелері бірге тойланады. Өзара байқаулар ұйымдастырып, мәдени шараларды жиі өткізеді. Жыл сайын татардың сабантойы да сән-салтанатымен өтеді. Қай ұлттың да тілін дамытуға мүмкіндігі бар. Бірлігі жарасқан бірлестіктер елдегі тыныштық пен ауызбірліктің сақталуына осылайша үлес қосып отыр.

Соңғы жаңалықтар