Ақтөбеліктер WhatsApp арқылы ақшасынан айрылып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы алданып қалғандар қатары артты. Олардың кейбірі тауар сатып алмақ болса, екіншісі инвестиция салған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде алаяқтарға алданғандар қатары артты. Әсіресе, «Мобильді банк» қосымшасын пайдаланушыларға қауіп төніп тұр. Сатып алушылар көбіне электронды түрде ақша аударып, сатушылармен байланыс үзіп алады.
«Ақтөбе тұрғыны «OLX» арқылы хабарландыруға хабарласып, көлік қозғалтқышын сатып алмақ болады. WhatsApp арқылы байланысқан сатып алушы 380 мың теңге ақшасынан айрылды. Ал 23 жастағы ақтөбелік Инстаграм арқылы табысты жобаға инвестиция салып, 25 мың теңге ақшасын қайтара алмай қалды»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық ІІД таныс адамдарға да сенуге болмайтынын ескертеді. Несие алғанда кепіл болу, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркегенде құрылтайшы ретінде тіркелу қауіпті. Тіпті, қарызға ақша берген кезде де нотариус арқылы рәсімдеу қажет.