Ақтөбеліктер заңсыз мұнай тасымалында полицияның қалай көмектескені туралы айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Төрт ағайынды» ісі бойынша қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Мұнай ұрлығымен айналысқан топ «қара алтынды» 20 теңгеге сатып алып, 30 теңгеге сатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін құжатсыз, рұқсатсыз  мұнай тасымалдағандар жауап берді.

Куәгер Бағлан Үмбетов екі КамАЗ автокөлігімен Ащыкөл мен Кеңқияқтан мұнай тасымалдағанын жасырмады. Жүргізушілерге қызметі үшін 20 мың теңгеден төлеп отырған. Сонымен қатар, жүргізушінің бірін өзі, ал екіншісін сотталушы Саясат Үмбетов таныстырып, жұмысқа араластырған. Олар мұнайдың әр литрін 20 теңгеге сатып алып, 30 теңгеге өткізген. Жауап беру кезінде еш құжат болмағанын, жолда құқық қорғаушылардың өздері көмектескенін жасырмады.

«1,5 миллион теңгені жолда көмектесу, қауіпсіздік үшін төледім. Саясат Дүсіпов маған Рәке Сәбитович деген қолдаушы бар екенін және оған төлеу қажет екенін айтты. Бірақ соңында 650 мың теңге бережақ болдым. Сөйтіп жұмысты тоқтатуыма тура келді. Бірде Ақтөбе қаласындағы 41 разъезде полиция ұстап алды. Маған жүргізуші хабарласты, мен Саясат Дүсіповке хабарластым. Бізде құжат болмады. Бір сағат ішінде жүргізушілерді шығарып жіберді. Құжатсыз мұнай тасымалдадық. Біз мұнайды Кеңқияқ ауылынан Нұрлан деген адамнан алдық»,- деді Бағлан Үмбетов.

Іс материалына сүйенсек, Бағлан Үмбетов Ащыкөлден мұнай тасымалдау үшін Қайыркелді Ізтұрғановпен танысқанын, одан екі рет мұнай алғанын жеткізді. Бірақ шикі мұнай бірде су, бірде қалдық болып шыққан. Кейін бұл жолды тоқтатып, мұнайды Кеңқияқтан алуға көшкен. 

Айта кетейік, Бағлан Үмбетов бұған дейін заңсыз мұнай тасымалдағаны үшін 3 жыл 9 айға сотталған болатын. Қазір ол жазасын өтеп отыр. Қорғаушылар мен мемлекеттік айыпталушылардың, сотталушылардың толассыз сұрағынан соң Бағлан Үмбетов жауап беруден бас тартып, судья Аманғали Молдағалиев тергеу кезінде одан алынған жауапты оқып берді.

Еске салсақ, Ақтөбеде рейдерлік жолмен тартып алу, заңсыз мұнай тасымалдау, сату, қылмыстық топ құру секілді бірнеше бап бойынша іс қаралып жатыр. Іс бойынша барлығы 26 айыпталушы бар.  Олар: Адайбек Сарсенов, Нұрболат Қайырбаев, Айбек Тілеуғазиев, Аухат Қалиев, Мұханбет Шавлетов, Еркін Ізбасар, Болатбек Бекетов, Жандос Ақмағамбетов, Жангелді Өтегенов, Руслан Дермұханов, Амандос Есенғалиев, Бекжан Құлтаев, Нұрлан Ноғаев, Саясат Дүсіпов, Сүлеймен Сүгірбаев, Мұрат Тұржанов, Сергей Савченко, Біржан Аманқұлов, Ербол Тектіғұлов, Қайыркелді Ізтұрғанов, Нұрлыбек Тонтаев, Жанат Тектіғұлов, Кәдіржан Пангерейұлы, Мұрат Қуанышев, Рахат Аханов, Қартжан Қалдымұрат.

Соңғы жаңалықтар