Ақтөбеліктер жәрмеңкеде картоп кезегіне тұрды
Ақтөбе қаласында бір ай ішінде картоп құны екі есеге қымбаттады. Қыркүйекте картоп бағасы базарда 70-80 теңге болса, қазір келісі 120-140 теңгеден сатылып жатыр. Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі бірнеше сауда орнында жәрмеңке өтетінін хабарлап, баға базардан 15-20 пайызға арзан болатынын айтты.
«Қаламыздың тұрғындары көп шоғырланған аудандарында, сондай-ақ қалаға қарасты ауылдық округтерде әр сенбі сайын көшпелі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жалғасып жатыр. Сенбіде Новый ауылдық округінде, «Алтай», «Аида», «Достан» және «Табыс» базарларында жәрмеңге өтеді. Қала тұрғындарына жәрмеңкелерде тұрақтандыру қорының тауарлары, өңіраралық кооперация шеңберінде басқа өңірлерден жеткізілген тауарлар және жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарының өнімдері ұсынылды. Жәрмеңкелерде азық-түлік өнімдері базар бағаларынан 10-15 пайызға төмен сатылады»,- деп хабарлады баспасөз қызметі. Бірақ қала тұрғындар базардан арзан өнімді таба алмады. Картоп бағасы көтеріледі дегенді естіген сатып алушылар 20-30 мың теңгесін жұмсап, қысқа сақтап жатыр.
«Базарда картоп арзан болады деген үміткен келіп едім. Бірақ бәрі қымбат. Картоп өткен жылы 70-80 теңге болды. Күзде қабымен сатып алып, қысқа сақтайтынбыз. Қазір қалтамыз көтермейді. Бір қабын 5 мың теңгеге алдым. Бұл не масқара. Бізде картоп өсіретіндер көп, пайдасы аз»,- деді қала тұрғыны Закия Асанқызы. Жәрмеңкеде сәбіз келісі 100 теңге, қырыққабаттың келісі 60, пияз келісі 70-80 теңге болды. Ақтөбеліктердің көбі картоп кезегінде тұрып, коммуналдық базар маңына көлік сыймады.