Ақтөбеліктер жөнделмеген 5 шақырымдық жолды «әнге» қосты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы маңындағы Ақжар-Родниковка ауылына апаратын 5 шақырымдық жолға арналған «ән» шықты. Ақтөбеліктер бұл мәселені министрлікке де жеткізген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

 Ақтөбеліктер жөнделмеген 5 шақырымдық жолды «әнге» қосты

Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңір басшысы Бердібек Сапарбаевты қабылдап, Ақтөбедегі жолдардың мәселесін айтқан болатын. Биыл жөндеу жұмыстарына бюджеттен 7,8  миллиард теңге бөлінді. Күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайды бірнеше жыл бойы Ақжар-Родниковка бағытындағы жолдардың жайын айтып келе жатқан тұрғындардың сұранысы орындалмай келеді. Олар еш нәтиже шықпаған соң әннің мәтінін пайдаланып, ауылға апарар жол бейнекамераға түсіріп алған. Бейнематериалда жолдың ой-шұңқыры анық көрініп тұр.  

Айта кетейік, ақтөбелік тұрғын Т. Әжібаев облыс әкімінің сайтына арнайы сұрағын жолдап, 2013 жылы «Актобедорпроект» ЖШС жобалық-сметалық құжатты дайындағанын, оған 6 миллион теңге жұмсалғанын айтты. «Жөндеу жұмыстары 2014-2015 жылдары жүргізілуі тиіс еді. ҚР Инвестиция және даму министрлігінен, әкім блогынан келген жауапта қаржы қарастырылып, 2016 жылы жол жөнделетін жазылған еді. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов 2016 жылы жөндеу жүргізілетінін айтты. Бірақ уәде орындалмады»,- деп жазылған хатта. Арада бір жыл өткенімен жол жөнделмеді.