Ақтөбеліктерді 25 жеке медициналық мекеме тегін емдейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ауырып ем іздегендер 25 жекеменшік мекемеде тегін қаралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктерді 25 жеке медициналық мекеме тегін емдейді

Ақтөбеде Медициналық сақтандыру қорының филиалы халыққа тегін қызмет көрсететін емхана, ауруханалармен келісімшарт жасады. Медициналық көмекті 62 мекеме көрсетеді. Оның 37-сі мемлекеттік, өзгесі жеке.

«2020 жылдан бастап сақтандырылған адамдарға қымбат лабораториялық қызметтер мен жоғары технологиялық оталар тегін ұсынылады. Сондай-ақ, тегін дәрі-дәрмектер де қарастырылған. Шығынның бәрін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтейді. Ал сақтандырылмаған адамдар мемлекет ұсынып отырған тегін медициналық көмекке жүгіне алады. Кеңес алу мен диагностика деңгейінде салалық мамандардың, терапевттің қызметі барлығына тегін болып қалады», - дейді филиал директоры Гүлмира Қожаниязова.

2019 жылы халыққа ұсынылатын тегін медициналық көмектің құны Ақтөбе облысы бойынша 39,1 млрд теңгені құрап отыр. Қазір 7,1 млрд теңге медициналық мекемелерге аударылды. Биыл бөлінген қаржы 4,5 пайызға артты.

«Медициналық сақтандыру жүйесінің ұтымды тұсы тек мемлекеттік медициналық ұйымдар ғана емес, сондай-ақ, жеке клиникалар да бір-бірімен бәсеке болады. Былтыр халыққа тегін қызмет көрсету үшін жеке емханалар мемлекеттік тапсырыс ала бастады. Ақтөбе облысында толық және күндізгі стационарда 186 мыңнан астам адам ем қабылдады. Сонымен қатар 23 мыңнан астам ақтөбелік жеке клиникаларда тегін емделді. Науқастар стационарға жату үшін алдымен диагностикадан өтеді. Сосын салалық маман науқастың диагнозына байланысты Қормен келісімшарт жасаған белгілі бір ауруханаға жолдама береді», - деді филиал директоры Гулмира Қожаниязова.