Ақтөбеліктердің 93 пайызы қазақ тілін біледі

Өңірдегі мемлекеттік тілді үйрету, дамыту жұмыстары жайлы Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқарма мәлімет таратты. Қазіргі кезде тілді меңгеремін деген ересектер үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйрету курстары 14 мың адамды қамтыды. Әрі қашықтықтан оқыту жүйесі әзірленді.
«Өзге ұлт жастарының арасында толерантты орта құру мақсатында мемлекеттік және ана тілдерін үйренуге тұрақты жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні 4 мыңға жуық әртүрлі этнос өкілі жексенбілік мектептерде білім алды. Облысымызда тұратын жоғары буын өкілдерінің 93% - қазақ, 93,8 % - орыс, 26,6% - ағылшын тілін біледі. Ал мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің үлесі 45 пайызды құрайды», - деді басқарма басшысы Гүлайым Төлебаева.
Тіл үйрету, балалардың танымдық қабілетін арттыру мақсатында «Күншуақ» балалар журналы, «Мен үш тілде сөйлеймін» балаларға арналған сөздік, «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журналы шығарылды. Тәуелсіздік алған жылдары 167 елдімекеннің 146-сына тарихи атаулары қайтарылды.