Ақтөбелік ана баласының қолын сындырған жасөспірімнің жазалануын талап етті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Балаға ота жасалып, сынған сүйегі сыммен бекітілді. Полиция Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша іс қозғады.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақжан Кәрім баласын жоғары сынып оқушысы ұрып, тіпті қол сүйегін сындырып жібергені туралы айтты. Оқиға 6 қазан күні мектеп ауласындағы футбол алаңында болған. 5-сынып оқушысы Айсұлтан Кәрім түстен кейін сабақтан шығып, ойнауға барады. Сол кезде 10-сынып оқушысы оларға дереу алаңнан шығуды бұйырады. Алайда балалар ойынды әрі қарай жалғастырып, жоғары сынып оқушысы келген сәтте бірін итеріп, кейін иығы мен аяғынан тебеді.
— Жоғары сыныптың қыздары мен балалары болса ойнап, күліп сол футбол алаңында отырады. Тепкен оқушының қасындағы достары «ана баланы үйіне апар, жедел жәрдем шақыр» деп қоймаған соң менің ұлымды орнынан тұрғызып, сынған қолын одан сайын бұрап, көтеріп, салыстырып көреді. Оны өзі де мойындап отыр. Сөйтіп балам үйге келеді. Жедел жәрдем шақырамыз. Ауруханаға түскенде «қолы сынған» деп айтты. Балама бір емес, бірнеше ота жасалып, қолына медициналық сым салынды. Операция жасалған күннің ертеңіне кінәлі бала мен оның анасы ауруханаға барады. Менің рұқсатымсыз кіріп, кездескен. Оны қалай кіргізіп отыр? № 1 қалалық полиция бөлімінде іс қозғалды. Бірақ қазіргі таңда бұрмаланып жатыр, жылы жапқысы келеді. Мен жоғары билік өкілдерінен, құқық қорғау органынан, білім басқармасынан, денсаулық сақтау басқармасынан ана жүрегіммен өтініп сұраймын. Бұл іс әділ шешімін тапса екен. Кінәлілер өз жазасын алса екен, — деді Ақжан Кәрімова видеоүндеуде.
Kazinform тілшісі ақтөбелік тұрғынмен байланысып, мән-жайды сұрады.
— Оқиға болған күннен соң мені полиция бөліміне шақырды. Бірақ полиция бөліміне жетпей-ақ сынып жетекшісі, ата-анасы, баланың өзі үйге келіп тұр. Кешірім сұрады. Артында ашуға беріліп, мен заң аясында шешілуін сұрадым. Себебі баланың қолындағы сымды 6 айдан кейін алады. Әрі қарай не боларын білмеймін, — деді Ақжан Кәрім.

Осы оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша іс қозғалды.
— Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын және оған қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Күдіктінің ата-аналары баланы тиісті деңгейде тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылады. Кәмелетке толмаған мектепішілік профилактикалық есепке қойылып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың бақылауына алынды. Полиция балалардың тәрбиесіне жауапсыз қарау және олардың құқыққа қарсы іс-әрекеттерінің алдын алу бойынша шара қолданбау заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала травматология бөлімінде ем қабылдады. Ота жасалып, үйіне шығарылған.
— Емдеу орнында күзет қызметі бар. Ата-анасы мен бала пациентпен кездесті деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбеде 14 жастағы жасөспірімнің өлімінен соң 6 оқушы сотталды. Үш оқушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш оқушы жазасын бостандықта жүріп өтейді.